Дәурен Абаев «Азаматтарға арналған үкімет» мемкорпорациясының қызметкерлерін марапаттады
Министр атап өткендей, бұл салтанатты шара ведомствоның осы жылғы жұмысының арқауы болған - Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында өткізілуде.
«Тәуелсіздік - халқымыздың ең асыл құндылығы. Оны нығайту - Елбасының мемлекеттік бағдарының негізі. Осы бағдардың ең маңызды салаларының бірі - азаматтарға қызмет ететін мемлекетті құру. Осы міндетті жүзеге асыруда «Азаматтарға арналған үкімет» айрықша рөл атқарады», - деді Дәурен Абаев.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес құрылған болатын. Ол ағымдағы жылғы 7 сәуірден бастап іске қосылды. Мемкорпорация құрамына «Жер кадастрының ғылыми-өндірістік орталығы», «Жылжымайтын мүлік орталығы», «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық» және «Халыққа қызмет көрсету орталығы» кірді. Қазіргі уақытта жалпы мемқызметтің тізбесінде болған 739 қызмет түрінің 530-ын азаматтар Мемкорпорация арқылы ала алады. Осы жылдың мамыр айында өткен Ведомствоаралық комиссия отырысының хаттамасы бойынша тағы 53 мемқызмет Мемкорпорацияға беріледі.