Дәурен Абаев Астана процесінің кезекті раунд қорытындысына пікір білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Астана процесінің жанжалдасушы тараптардың бір-бірін тыңдауға мүмкіндік береріне үміттенетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сирияда үлкен соғыстың жүріп жатқанын аңғаруымыз қажет және майдан командирлері қатысып жатқан Астана процесінің өзі үлкен жетістікті білдіреді.  Ең бастысы олар (процесс қатысушылары - ред.) бір-бірімен бетпе-бет жүздесті және өзара сөйлесуді бастады.  Әдетте өзге шиеленістерде қарама-қарсы екі тарап қана болатын, ал Сирия мәселесінің айырмашылығы сол, мұнда тіл табыса алмаған бірнеше тарап бар. Сол себепті, бұл процестің оңай болмайтыны анық.  Химиялық шабуыл деп аталатын оқиғадан соң, Астана процесінің дамуына ешкім сенбеді. Мемлекет басшысының абырой-беделінің арқасында ғана процесс жүріп жатыр», - деді Дәурен Абаев «Хабар» телеарнасындағы «Ашық диалог» жобасында. 

Мекеме басшысы АҚШ-тың өз өкілінің мәртебесін мемлекеттік хатшының көмекшісі лауазымына дейін көтергенін атап өтті.

«Мен Астана процесінің Иран бойынша Алматы келіссөздері және Мемлекет басшысының барлық бітімгерлік идеялары секілді тарихта қаларына сенімдімін», - деп министр өз сөзін түйіндеді.

Атап өткен жөн, Қазақстан астанасында Сириядағы шиеленіс бойынша келіссөздердің үш раунды өтті. Алғашқысы 23-24 қаңтар күндері, екінші кезең  16 ақпанда өтті.

3-4 мамыр күндері Астана процесінің төртінші раунды өтті. Онда 2016 жылдың 30 желтоқсанында жарияланған атысты тоқтату туралы режімді қолдауға арналған саяси шешімді іздестіру жолдары қарастырылып, осыған орай жанжалдасушы тараптар пайдалануы ықтимал сенім шаралары дайындалды. 15 наурыз күні өткен үшінші раундта сириялық қарулы оппозиция кездесуге келмеді. Төртінші раунд 3-4 мамыр күндері өтті. 

Соңғы жаңалықтар