Дәурен Абаев: Astana Hub мақсаты - ІТ-компаниялар капиталын 1 млрд долларға жеткізу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Astana Hub Халықаралық ІТ-стартаптар технопаркінің негізгі мақсаты - 2025 жылға қарай жергілікті ІТ-компаниялардың капиталын 1 млрд АҚШ долларына жеткізу. Бұл туралы бүгін аталған технопарктің «Garage» стартап-жобалары тегін бағдарламалар инкубациясының іске қосылуына арналған шарада ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сай «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жан-жақты жүзеге асырылып жатқанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Сондықтан технопарк дарынды ІТ-мамандар үшін жаңа технологиялық бастамалар алаңына айналарына сенімдіміз. Сонымен қатар бұл алаң ұлттық инновациялық экожүйенің өзегі болуы тиіс. Технопаркке отандық және шет мемлекеттерден стартаптарды тарта отырып, цифрлық экономиканы қолдау үшін барлық жағдайды жасауға тырысамыз. Astana Hub-тың негізгі мақсаты - 2025 жылға қарай жергілікті ІТ-компаниялардың капиталын 1 млрд АҚШ долларына жеткізу. Бүгін осы акселерация бағдарламасын ашу арқылы аса ауқымды болмаса да өте маңызды қадам жасап отырмыз», - деді Дәурен Абаев.

Министрдің атап өтуінше, Astana Hub технопаркінің ресми ашылуы осы жылдың ішінде жоспарланған. Ал бүгінгі шара сол үлкен бағыттағы шағын қадам десек болады.

«Бүгін акселерациялық бағдарламаны ашпақпыз және мұның елордамыздың 20 жылдығы аясында өтуінің нышандық мәні бар. Барлығымыз да Кремний алқабы  жайында, өзге мемлекеттердегі керемет тәжірибелер жайында айтып жатамыз. Оны мойындаймыз да. 20 жылдың ішінде елордамызды салдық. Еліміздің тарихында қалатын ЭКСПО-2017 көрмесін өткіздік. Мұндай деңгейдегі шара Астанаға енді 40-50 жылдан кейін ғана бұйырады», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар