Дәурен Абаев: Аға буынның ақылы мен жастардың жалыны телевизияны алға жетелейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Астанада өткен «Тұмар» бәйгесінің салтанатты рәсімінде жеңімпазға 2017 жылғы «Телевизиялық маусымның үздік оқиғасы» номинациясын табыстады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

2017 жылғы «Телевизиялық маусымның үздік оқиғасы» номинациясын - «Хабар» арнасының «Ұлттық музыкалық жүлде» жобасы жеңіп алды. Арна басшылығына марапатты Дәурен Абаев табыс етті.

«Менің алдымда айтылған жылы лебіздерге шын жүректен қосыламын. Біз ең алдымен ардагерлерімізді құрметтеп, «Тұмар» номинациясын беріп, журналистикада жүрген мамандарымыздың дәрежесін көтергіміз келеді. Қазақта «Жүйрікке тұмар» деген сөз бар. Ол сондай, жүйріктер ешқашан сүрінбесін, көз тимесін деген оймен айтылған сөз. Сондықтан, бәйгелерімізге ешқашан көз тимесін. Бүгін аға буын мен жас буын осында бас қосып отыр. Жастардың бойындағы жалын мен жас буынның зор тәжірибесі - отандық телевизияның жарқын болашағына бастар деген сенімдемін», - деді министр.

Еске сала кетсек, «Тұмарға» өтінімдерді қабылдау толығымен автоматтандырылып, kaztube.kz порталының негізінде жүзеге асырылған болатын. Бәйгеге қатысушылардың жоғары белсенділіктерін атап өту керек. Өтінімдерді қабылдау кезеңінде kaztube.kz порталына кірушілер саны 80%-ға өсті, ал өтінімдер саны былтырғы көрсеткішке қарағанда 1,6 есеге артты (240 өтінім).

2018 жылы «Тұмарға» 397 конкурстық жұмыс келіп түсті. Олардың ішінде қазылар алқасы Бәйге ережесінің талаптарына сәйкес рәсімделген 355 конкурстық өтінімді қарау үшін қабылдады.

Ағымдағы жылғы бәйгеге 14 номинация бойынша өтінімдер қабылдау 15 қаңтар мен 1 наурыз аралығында жүргізілген.

Соңғы жаңалықтар