Дәурен Абаев 2017 жылдың басты жаңалықтарын атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қандай оқиғаларды Қазақстандағы 2017 жылдың басты жаңалықтары деп айтуға болатынын атап өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Ең бірінші кезекте, әлбетте ірі ауқымды шара «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің өткізілгенін атап өту керек. Ол жайлы көп айтылғандықтан, мен қайталамай-ақ қояйын. Бұл өте айтулы оқиға. ЭКСПО аясында біз 6 мыңға жуық шара өткіздік. Бұл тұрғыда көрме кезінде ұйымдастырылған бұқаралық-мәдени шараларды есте қалдырумен қатар, ЭКСПО-ның инфрақұрылымдық мұра қалдырғанын естен шығармау керек. Бұл - жаңа әуежай, жаңа вокзал, қаладағы барлық логистика... Қаншама мейрамханалар мен қонақ үйлер ашылды. Осының бәрі қатты қуантады», - деді Дәурен Абаев «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.

Министрдің айтуынша, көрме кезінде көптеген кәсіпорындар ашылса, бұрыннан барлары қомақты қаражат тапқан.

«Астана қаласының қызмет көрсету саласы бір жарым есеге өсті. Бұл өте жағымды жаңалықтардан хабар беріп, ең бастысы адамдардың зор тәжірибе жинақтап, осындай ірі әрі ауқымды шараны өткізуді үйренгенін көрсетеді. Яғни, адамдар әдетте бір немесе екі күн өтетін форумдарды ғана емес, 3 ай бойы өтетін шараны сәтті өткізуді үйренді», - дейді ол.

Дәурен Абаев сонымен бірге, саяси тұрғыда жылдың ең айтулы жаңалығы қандай екенін айтып берді.

«Мен үшін саяси тұрғыда жылдың ең басты жаңалығы - Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған саяси және конституциялық реформа. Ойлап қарасаңыз, биліктің 35 өкілеттілігін Президент Парламент пен Үкіметке тапсырды. Бұл Мемлекет басшысының ойлы әрі қуатты ұстанымын тағы бір мәрте дәлелдей түседі. Біз қазіргі уақытта көптеген мемлекеттерде бұл процестер керісінше кері кетіп бара жатқанын көріп отырмыз. Яғни, адамдар биліктің өкілеттілігін өздері иеленіп жатқан жағдайлар жетерлік. Осы тұрғыда бірегей оқиғалардың бірі биыл болғанын атап өтуіміз керек», - дейді министр.

Дәурен Абаевтың айтуынша, саяси тұрғыдағы бұл өзгеріс Қазақстанның қандай бағытта жылжып бара жатқанын көрсететіні белгі.

«Біз қоғамды демократияландыру жолымен, процестердің, соның ішінде саяси процестердің біртіндеп басатын эволюциясы жолымен бара жатырмыз. Бұл биліктің барлық тармағына зор жауапкершілік жүктейді. Бұл оқиға өзінің лайықты бағасын алады», - дейді министр.

Ол сонымен қатар, жылдың айтулы жаңалықтарының қатарына Жаңғырту 3.0 бағытын қосты.

«Бұл қазірдің өзінде жемісін беріп жатқан экономикалық реформалардың тізбегі. Үкімет жылдың соңында есеп беріп отырады. Елімізде ішкі жалпы өнімнің көлемі артып келеді. Бұл тек қана мемлекет үшін ғана емес, тұрғындар мен инвесторлар үшін де жақсы сигнал. Бұл біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды көрсетеді», - деді министр.

Дәурен Абаев, сондай-ақ, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде тұрақты емес мүше ретінде жұмыс істеп жатқанын да бағалап өтті.

«Біз бүкіл әлемнің қауіпсіздігіне үлесімізді қосып келеміз. Маңызы алдыңғылардан кем түспес жаңалықтардың бірі - Қазақстан мен Мемлекет басшысының бітімгерлік жолындағы бастамасы. Ол - Астана процесі. Сирия мәселесі секілді өзекті іске келгенде Астананың бітімгершіліктің орталығына айналуы - дипломатиямен айналысатын адамдардың нақты кәсіби тұрғыда бағасын алады. Менің атап өтер негізгі деген жаңалықтарым осы. Әр салада айтулы жаңалық бар. Футбол жанкүйері ретінде күзгі еуропалық кезеңнен сәтті өткеніміз мені қуантады. Мен осы сәтті пайдалана отырып, бүкіл қазақстандықтарға керемет сый жасаған «Астана» футбол клубына алғыс білдіргім келеді», - дейді министр.

Дәурен Абаев «Астана» футбол клубына келгенде бір ғана санға мән беруді ерекше атап өтті.

«Ұмытпасам, бірнеше маусым бұрын «Астана» футбол клубы 450-ші орында тұрған еді. Ал қазір шамамен 63-ші орында. Демек, аз ғана уақыттың ішінде «Астана» 300-ге жуық баспалдақты аттап өтті. Бұл шынында да, қошемет пен мақтауға лайық көрсеткіш», - деп түйді сөзін министр.

Соңғы жаңалықтар