Дәстүрлі қазақ медицинасының Қытай еліндегі қарышты қадамы

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайда шығатын «Тарбағатай» газеті Бағдат Нұрмұқашұлының қазақ халқының ұлттық медицинасы туралы жазған «Қазақ емшілігінің қарышты қадамы» атты мақаласын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақ медицинасы - қазақ емшілігі немесе қазақ шипагерлігі деп аталып келеді. Халық шипагерлігі осы заманғы медицина қалыптасқанға дейін ғасырлар бойы ұлтымыздың өсіп-өнуіне өзіндік ықпалын тигізіп келді. Осылайша ғасырлар керуенінде сұрыпталып, кемелденіп жеткен  дәстүрлі өнеріміздің бүгінгі күні де шоқтығы биік. Әсіресе Қытайда тұратын қандастарымыздың ортасында бұл өнер өз өміршеңдігін сақтап, қоғамда қажеттілік туғызып, дамып жатыр.

Қытайда шығатын «Тарбағатай» газетінде жарық көрген Бағдат Нұрмұқашұлының қазақ халқының ұлттық медицинасы туралы мақаласы бұл сөздерімізге дәлел болмақ.  Автор мақаласында  дәстүрлі медицинаның тарихи кезеңдеріне шолу жасай отырып, қазіргі кезде  Қытайдың  Тарбағатай аймағында  қалыптасып, дамып жатқан ұлттық медицинаның жай-күйіне тоқталған.
null

  «Қазақ шипагерлігі, дәрішілігі - қазақ халқының өсіп-өркендеуіне орасан зор үлес қосқан мәйекті мәдениеттің алып бір бұтағы. Тарихтың шаң басқан беттерін парақтайтын болсақ, қазақ шипагерлігінің тамыры тереңде жатыр. Ол - халқымыздың ата-тегін құрайтын сақтар, ғұндар, аландар, қаңлылар, үйсіндерден және одан да ерте заманнан бастау алады. Бұны тарихи зерттеулер мен археологиялық қазба қалдықтарда растай түсті. Соғыста жараланған Сақ сарбаздарының жарасын таңатын емшілерді «жарықшы, қарықшы, таңғышы» деп атағаны тарихи деректерде ұшырасады. Сондай-ақ, атақты ғұлама ғалым Әл-Фараби денсаулық сақтаудың тәсілдерін де зерттеген. Оның шипагерлік жөнінде жазған шығармалары өзінен кейінгі Ибн Сина секілді ғалымдарға үлкен ықпал жасағаны мәлім. Ал қазақ медицинасының түп кітабы деп 15 ғасырда жазылған ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты медициналық энциклопедиясын атауға болады», - деп жазылған мақалада.

Бұдан ары қарай автор мақаласында қазіргі күні қытайда тұратын қандастарымыздың атадан мұра болған осы бір дәстүрлі мәдениетті сақтап, дамытып, күнделікті өмірде ел игілігіне жаратып отырғанын баян етеді. Онда  жергілікті биліктің тікелей қолдауымен қазақ ұлты жиі қоныстанған Алтай, Іле, Тарбағатай өңірлерінде қазақ медицинасын өзек еткен облыстық, аудандық, ауылдық емханалар, ғылыми зерттеу орталықтары құрылып, қазақ емшілігі мен дәрішілік өнері қанатын кеңге жайып отырғаны туралы жазылған.

«Қара үзген шипагер Өтейбойдақтың кесек туындысы «Шипагерлік баян» кітабы негізінде «Қазақ шипагерлігінің назариялық негізі» жазылып, қазақтың дәстүрлі медицинасы Қытайдағы аз ұлт медицинасы, дәрішілігінің төрінен ойып орын алды. Білікті мамандардың, ең жоғарғы құзырлы мекемелердің мақұлдауынан өтіп, ауруды анықтау, емдеу, алдын алу, дәрі жасау және дәріні пайдалану осы заманғы медициналық заңдылықтарға сай арнаға түсіріліп, тәртіпке салынды. 1980 жылдары Қытайдың Алтай қаласында Қазақ медицинасын дамытып, практикалық тұрғыдан қолданысқа енгізу үшін «Қазақ емханасын» ашты. 2008 жылы Алтайдағы медициналық колледжде Қазақ медицинасы факультеті жұмыс істей бастады. 2011 жылы Үрімжіде Шыңжаң медицина университеті жанынан Қазақ медицинасы кафедрасы ашылып, Қазақ медицинасының жоғары білімді мамандарын даярлап шығу мүмкіндігіне қол жеткізді. Тұңғыш қазақ шипагерлігін өзек еткен «Қазақ шипагерлігі» журналы жарық көрді. Қазақ шипагерлігі, дәрішілігіне қатысты қыруар оқулықтар құрастырылып, құнды кітаптар, ғылыми зерттеу мақалалары жарияланды», -  деп жазады Бағдат Нұрмұқашұлы.

Сондай-ақ  мақаланың соңғы бөлімдерінде Тарбағатай аймағындағы қазақ халқының дәстүрлі медицинасын негіз етіп ашылған ауруханалар туралы айтылады.

«Тарбағатай өңірінде  тұңғыш рет 1979  жылы Толы ауданы Күп ауылдық емханасында қазақ емшілік бөлімі ашылды. Емхана 1999 жылы « Қазақ емшілік ауруханасы» болып ресми құрылып, іргесін кеңейтті. 2001 жылдан бастап, заманға сай озық медициналық аспаптармен жарақталып, емдеу өнімділігін жоғарылатты. Бұл ауруханада негізінен: Әр түрлі сүйектің өсіп, қалыңдауы, бел, мойын омыртқа сүйегі шеміршегінің өсуі, әр түрлі сүйек туберкулезі, сүйек кемігінің қабынуы, түрлі тері аурулары сынды  алуан түрлі ауру түрлерін емдеп, сауықтырады. Аурухана жылына 15 мыңға тарта науқас қабылдап, емдейді.

2013 жылы Тарбағатай аймақтық үкімет Толы ауданында қазақ медицина ауруханасын құрудың алғы шарттарын дайындап, 32 миллион 500 мың юань бөледі. Бұл   нысан 2013 жылдан бастап қолға алынып, 2016 жылы шілдеде пайдалануға берілді. Аймақта бұдан басқа Дүрбілжін, Шағантоғай аудандарында  ұлттық медицина орталықтары жұмыс істеп тұр. Ал аймақ орталығы Шәуешек қаласында 1992 жылы  Қытайдың дәстүрлі медицинасымен емдейтін ауруханасы шаңырақ көтеріп, оның жанынан  20 орынды қазақ бөлімі ашылған болатын. Бұл аурухана ұлттық шипагерлікке мұрагерлік еткен білікті мамандарды таңдап істетіп,  халықтың қазақ емшілігімен емделу белсенділігін арттырды. Осы уақыттарда емдеу әдісін дамытып, жетілдіре отырып, ғылыми тұрғыда ем жасап, қазақ ұлттық медицинасын Еуропа, Қытай медицинасымен ұштастыра отырып, мойын, бел, тізе буындарында болатын шеміршектің өсуі немесе қалыңдауы, әйелдер ауруы, қуық асты безінің қабынуы, түрлі тері ауруларын өнімді емдеуді іске асырып келеді», - деп жазады мақала авторы. 

Соңғы жаңалықтар