Дәрігерлер Денсаулық сақтау министрлігіне қымбат томография аппаратын сатып алуға кеңес берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Республикалық диагностикалық орталық ядролық медицина бөлімінің инженер-физигі Серік Нұркенов Қазақстандағы алғашқы бірегей циклотрон туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маманның сөзінше, циклотрон шығарған радиоактивті капсулаларды пациентке беру арқылы ағзадағы онкологиялық аурулардың ошағын табуға болады.

«Осылайша, онкологиялық аурулардың бірінші және екінші кезеңіндегі диагностика сапасы 40-70%-ке көтеріледі. Нәтижесінде өлім-жітім мен аурудың қайталану көрсеткіші азаяды. Бүгінде республика аумағында екі ПЭТ-аппарат (позитронды-эмиссиялық томография) қана бар. Бұл 18 миллион халықтың қажеттілігін өтемейді. Баршамызға белгілі, онкологияда уақыт жоғары бағаланады. Үлкен кезекті немесе аппараттың істен шыққанын көрген науқастар бар қаражатын жинап, дәл осы тексерістен өтуі үшін шетел асады», - дейді Серік Нұркенов «Нұр Отан» партиясы Астана қаласы «Өркениет» аумақтық филиалының партиялық жиынында.

Сондай-ақ, маман әлемдегі жаңа технологиялардың онкологиялық ауруларды анағұрлым тиімді емдеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Мәселен, протондық терапия сау тіндерге зақым келтірмей, қатерлі ісік жасушаларын ғана сәулемен емдеуге мүмкіндік береді. Осылайша, бұл ауруларды емдеудің тиімділігі мен сапасын арттыруға болады. Бұл өте қымбат және ауқымды қаражатты талап етеді. Бірақ, біздің мемлекетке бұл құрылғылар аса қажет», - деп өз сөзін түйіндеді ол.

Сонымен бірге, С. Нұркенов Назарбаев Университеті жанынан жаңа онкологиялық орталықтың құрылып жатқанын хабарлады. Оның қызметі ерте диагностикаға және түрлі ядролық бағдарламалармен емдеуге бағытталады.

Соңғы жаңалықтар