Дариға Назарбаева «Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасына «Құрылыс жұмыстары» бабын енгізуді ұсынды

None
None
АСТАНА. 26 қараша. ҚазАқпарат - Қазақстандағы құрылыс саласында білікті мамандар жетіспейді.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің арнайы уақытша комиссиясының көшпелі отырысында ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева  мәлімдеді.

«Бүгінде құрылыс материалдарының 80 пайызға жуығы Қазақстанда жасалып, сатылады. Жұмыс көлемі артып келеді. Дегенмен, бүгінде бұл салада білікті мамандарға деген қажеттілік тым жоғары. Осыған байланысты, менің пікірімше, «Жұмыспен қамту - 2020» мемлекеттік бағдарламасына «Құрылыс жұмыстары» деген бап енгізу қажет сияқты», - деді ол.

Сондай-ақ, ол бүгінде еліміздегі тұрғын үй саласы бойынша 9 мемлекеттік бағдарлама жұмыс істеп келе жатқанын атай келе, «Бұл дегеніңіз жұмыстың орасан зор көлемі - жыл сайын немесе жуырдаға 5 жыл көлемінде миллиондаған шаршы метр тұрғын үй берілетін болады. Яғни, әсіресе жастар үшін жұмыс көп деген сөз. Мемлекеттің көмегі арқылы жұмыс тауып алуға болады. Қазақстанда жұмыс деген жетіп артылады!» - деді Д. Назарбаева.

Оның айтуынша, ҚР Парламенті Мәжілісінің арнайы уақытша комиссиясының бұл көшпелі отырысы 2012 жылы 7 желтоқсанда өтетін «Халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің жай-күйі және перспективалары туралы» тақырыбындағы парламенттік отырысқа деген дайындық жұмысының бір бөлігі болып табылады.

«7 желтоқсанда біз парламенттік тыңдалым өткіземіз. Оның ең алғашқысын тұрғын үй мәселесіне арнауды жөн көрдік», - деді депутат.

Соңғы жаңалықтар