Дархан Мыңбай этникалық БАҚ жұмысына сын білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  Қазақстан халқы Ассамблеясы Журналистер клубының кеңейтілген отырысында ҚХА Төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай қазақстандық, оның ішінде этникалық БАҚ-тың жұмысына көңілі толмайтынын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.  

Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында ұйымдастырылған бұл отырыста Дархан Мыңбай аса қуатты күш саналатын БАҚ арасында этностық БАҚ өкілдерінің орны ерекше екенін, еліміздегі ынтымақ пен бірлікті қамтамасыз етуде олардың орасан жұмыстар атқаратынын атап өтті.

«Біріншіден, журналистік ортада бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, білім культі және ашықтық кәсібиліктің негізгі алғышарттары болуы тиіс. Екіншіден, этножурналистика маңызды жалпыхалықтық тақырыптар бойынша пікір қалыптастыратын тиімді каналдардың бірі болуы керек. Өкінішке орай, бұл тақырыпта жекелеген БАҚ, оның ішінде этникалық ақпарат құралдары өздерін көрсете алмай келеді. Мәселен, олар ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні айтарлықтай белсенді болған жоқ. Бұл трагедия көптеген этностардың басынан өтті, бұл халықтарды біріктіретін ортақ тарихымыз. Аталған тақырыпта журналистер көзі тірі куәгерлерден, Германияда, Польшада, Ресейде тұрып жатқан бұрынғы отандастарымыздан сұхбат алып, өте жақсы материалдар бере алар еді. Әсіресе, көптеген этнос өкілдерінің, ақсақалдардың бастан кешкен оқиғаларын жазып алуына болар еді. Архивпен тығыз әрі тиімді жұмыс істей алатын журналистер де аз. Бір ғана Қарағанды облысының архивінен бірнеше мемлекеттің елшіліктеріне он мыңнан астам материал жіберілді. Жақында Беларусь президенті А.Лукашенко біздің Президентке қуғын-сүргінге қатысты материалдар берді. Жуырда Қазақстанның «100 жаңа тұлғасы» жобасы іске қосылады. Бұл да журналистер үшін үлкен жұмыс алаңы. Егер ересектер мен мектеп оқушылары Қазақстанның үш ғарышкерін атап бере алмаса, бұл жеткілікті түрде хабар таратпаған журналистердің кінәсі. Қоғамда ерлікке пара-пар істер атқарып жүрген меценаттар мен қарапайым тұрғындардың қайырымды істері де назардан тыс қалуда. Бұл да журналистер үшін керек материал. Отырысқа қатысып отырған редакторлар мен БАҚ жетекшілерінің осыған мән беруін сұраймын», - деді Дархан Қамзабекұлы.

Сондай-ақ, Дархан Мыңбай этникалық БАҚ контентіндегі теңгерімді сақтау мәселесін көтерді.
«Этникалық БАҚ журналистері өз басылымы мен аудиториясында қалып қоймауы тиіс. Олар орталық БАҚ-та ауысуға ұмтылуы керек. Оған қоса, этникалық БАҚ ішкіэтникалық және жалпымемлекеттік тақырыптарды жариялауда теңгерімді сақтауы керек. Ішкіэтникалық тақырыптарға басымдық берілмеуі тиіс деп есептеймін. Өкінішке орай, бұл мәселе көптеген этникалық БАҚ-та кездеседі және мұны ашық айту керек. Этникалық БАҚ-тың көпшілігі мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында жұмыс істейді. Сондықтан, өкілетті министрлік пен «Қоғамдық келісім» РММ мұны бақылауға алуы керек. Тағы айта кетерлігі, әрбір этникалық БАҚ өзінің интернетпен жұмысына, әлеуметтік желілерде парақшаларының болуына ерекше мән беруі тиіс. Бұл сегмент оларда жеткілікті дамымаған және замана көшінен де қалуға болмайды», - деді ол.

Сонымен бірге, ҚХА Төрағасының орынбасары Елбасының бағдарламалық мақаласында барша БАҚ алдына зор міндет қойылғанын, осы орайда барлық этностық БАҚ-тың қоғамдық сананың жаңғыруы бойынша іске асырылып жатқан жобаларды насихаттауға лайықты үлес қосуы керектігін атап өтті және татулық пен бірлікті насихаттап жүрген журналистерді ынталандыру үшін жаңа байқау ұйымдастыруды ұсынды.

«БАҚ өкілдерін ынталандыру үшін «Достық пен келісімді нығайтуға елеулі үлес қосқан тұлғаларға арналған үздік ақпараттық материал», «Өңірлердегі Ассамблея жұмысының жаңашылдығын көрсететін үздік ақпараттық материал» және «Көпұлтты тату ұжымға арналған үздік  ақпараттық материал» номинациялары бойынша  байқау ұйымдастыруды ұсынамын», - деді Д. Мыңбай.

Айта кетейік, Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының журналистер клубының «Рухани жаңғыру: сананың жаңғыруы» атты кеңейтілген отырысы өтті. Онда рухани жаңғыру және қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуды ақпараттық қолдау контексіндегі журналистер қауымы алдында тұрған міндеттер талқыланды.

Соңғы жаңалықтар