Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 340.11
EUR 407.93
RUB 5.91
CNY 51.61

Дархан Қыдырәлі: Венгрияға дейін экспедиция жасау жоспарда бар

Дархан Қыдырәлі: Венгрияға дейін экспедиция жасау  жоспарда бар
2017 жылғы 17 қыркүйек 10:58 388

ҰЛЫТАУ. ҚазАқпарат - Моңғолияның Кентайынан қасиетті Ұлытауға дейінгі сапарды қорытындылаған Түркі академиясы халықаралық ұйымының президенті Дархан Қыдырәлі экспедициялық топтың алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Бір ай бұрын Моңғолияның Кентайынан басталған Түркі академиясының экспедицясы бүгін, міне Ұлытауға табан тіреді. Бұл экспедицияның өзі «Кентайдан Ұлытауға» деп аталған болатын. Бұның бірнеше мақсаты бар. Ең алдымен, біз Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының аясында экспедицияны ұйымдастырып отырмыз. Себебі, осы бағдарламаның мақаласының түп-тамыры Ұлытаудан бастау алатыны белгілі. Осыдан екі жыл бұрын Елбасымыз осы Әулие Бұлақтың басында керемет әңгіме айтқан болатын. Соның жалғасы ретінде «Рухани жаңғыру» шығып отыр. Сондықтан, біз Қазақ хандығы бастау алатын Ұлытауға келіп отырмыз. Кентайда ғұндардың, көк түркілердің тарихы бастау алатын болса, Ұлытауда ұлы даладағы мемлекеттіктің негізі қаланған. Бұл жерде Алтын орданың атасы Жошы хан жатыр. Сонымен қатар, Алаша ханға қойылған ескерткішті бүкіл Қазақ хандарының аталарына қойылған ескерткіш ретінде қабылдаймыз. Алып империяның құлдырауы да осы ұлы далада болған. Себебі, Тоқтамыс хан, Едіге би, Әмір Темірдің тарихы да осы Ұлытауға байланысты. Ұлытау тек Қазақ халқының, Қазақ хандығының тарихи мекені ғана емес, түбі бір түркілердің, сондай-ақ көшпелі жұрттың да киелі ордасы, құтты мекені», - дейді Дархан Қыдырәлі.

Академия президентінің айтуынша, экспедицияның құрамына ноғай, әзербайжан, башқұрт, татар, қырғыз, өзбек, түрік, моңғол сияқты көптеген тамырлас ұлттардың өкілдері тартылған. Осымен үшінші мәрте ұйымдастырылып отырған экспедицияға журналистермен қатар, ғалымдар, археологтар қатысып отыр. Ең әуелі Алтай, Өтүкен, Кентай, Тәңіртау енді міне, Ұлытауға жетіп отырған экспедицияның мақсаты өзінің діттеген межесін бағындырған.

Дархан Қыдырәлі: Венгрияға дейін экспедиция жасау  жоспарда бар

«Рухани жаңғыру бағдарламасының ішіндегі «Киелі Қазақстан» бағдарламасы аясында да экспедиция үлкен бір міндет атқарды деп ойлаймыз. Жалпы Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы үшін ғана емес, Ұлытау түркі елінің киелі өңірі екені экспедиция мүшелері тарапынан айтылып жатыр. Сондықтан, археологиялық қазба жұмыстарымен байланыстыра жүргізген экспедициямыз Алтын орданың 750 жылдығы қарсаңында жұмысын нәтижелі аяқтады. Түркі академиясы түркі тарихын зерттеуде, зерделеуде, танытуда көптеген жұмыстарды атқарып отыр. Археологиялық зерттеулермен бірге, біз негізі сапарларды өте маңызды деп ойлаймыз. Самарқан, Алтын орданың 750 жылдығы қарсаңында Сарайшық, Сарай Берке және Бұлғарға бару ойымызда бар. Сонымен қатар, Кавказ елдеріне, Байқалдан Балатөңге, Будапешке, Венгрияға дейін сапар шегуді ойлап отырмыз. Бұл біздің халықтарымызды жақындастыра түседі. Сондай-ақ, тарихымыздағы көптеген ақтаңдақ беттер ашыла түседі деген сенімдеміз», - деп түйді Дархан Қыдырәлі.

Қазақ хандығының 550 жылдығында Елбасымыз атап өткендей, жалпы Ұлытау Қазақ хандығының бастауында тұрған қасиетті мекен. Жалпы Орталық Қазақстандағы Әлкей Марғұлан зерттеген, Қаныш Сәтбаев жазып кеткен еңселі ескерткіштердің Ұлытауда кездесетіні бекер емес. Академия президентінің айтуынша, Домбауыл мен Жошы хан кесенелерінің қатар тұруының символикалық мәні үлкен. Домбауыл Тәңірлік діннің, көне түркі дәуірінің ескерткіші болса, тура жанында тұрған Жошы хан Исламмен бірге келген дәуірдің басы. Екі ескерткіш қатар тұр. Біреуі Тәңірлік дәуірдің соңы болса, екіншісі Ислам дәуінің басы.

Дархан Қыдырәлі: Венгрияға дейін экспедиция жасау  жоспарда бар

«Сондықтан біз бұл дәуірлер алмасып жатқанда да, Ұлытаудың аса маңызды қызмет атқарғанын көреміз. Сол сияқты Алтын орданың құрылу кезеңі де Жошы хан, Алаша хандармен байланысты. Демек, бұл Ұлы империялар құрылған Ұлы даланың пассионарлық қуаты көзі десек болады. Көшпелі халықтардың батысқа жылжуы, түркі тайпаларының алып империяларды құруы, сол арқылы Ұлы далада тектоникалық өзгерістер болған кезде үлкен мемлекеттердің құрылуына Ұлытаудағы дүмпулердің үлкен әсері болып тұрған. Сонымен қатар, бұл жерде шегіністердің себебі - мысалы Едіге мен Тоқтамыстардың осы жерде тыныш табуы, Алтын орданың әлсіреуі де Ұлытаумен байланысты. Демек, бұл хандардың таққа шыққан, тақталасқан, мемлекеттердің тағдырына айрықша ықпал еткен аймақ деп айтуға болады. Бұл тұрғыдан айтқан кезде, жалпы Ұлытау аты айтып тұрғандай, Ұлы даланың тарихындағы аса маңызды жер. Сондықтан болса керек, оғыздар батысқа барған кезде Анадолыда құрған мемлекеттерінің астанасын Ұлытау деп атаған. Ұлытау таудың үлкендігіне байланысты емес, оның көнелігіне, ұлылығына байланысты аталған. Қасиетті тауда халық хандарды ақ киізге хан көтеріп, ұлықтап отырған», - дейді ол.

Жалпы туризмнің түр-түрі бар десек, оның ішінде мәдени және тарихи туризмге көптеген адамдардың қызығушылығы зор. Мысалы, Моңғолияға жұртшылық Өтүкенді, Тоныкөкті, Күлтегінді көруге көптеп барады. Самарқанға, Отырарға барады. Ұлытау шалғайда жатыр.

Дархан Қыдырәлі: Венгрияға дейін экспедиция жасау  жоспарда бар 

«Едігенің, Тоқтамыстың, Әмір Темірдің, Жошының тарихын білу арқылы БАҚ арқылы айта білсек, Ұлытаудың да туризмдегі орыны өсе түседі деген ойдамыз. Сондықтан, біз бауырлас мемлекеттердің журналистерін тарттық. Экспедицияға отандық БАҚ өкілдерімен қатар, оннан астам мемлекеттің өкілдері келіп отыр. Олардың арасында белді де белгілі журналистер бар. Туризмнің дамуы үшін әрине, ең алдымен ақпараттық қолдау керек. Сондықтан экспедицияға бұл жұмыс ақпараттық қолдау болады деген ойдамыз. Ұлытау туризмнің орталығына айнала түседі деген сенімдеміз», - деп түйді Дархан Қыдырәлі.

Дархан Қыдырәлі: Венгрияға дейін экспедиция жасау  жоспарда бар

 

 

Басты сөздер: Рухани жаңғыру, Қазақстан тарихы, Түркі әлемі,
Қате таптыңыз ба? Белгілеп, CTRL+ENTER басыңыз

Пікір қалдыру

Соңғы Пiкiрлер