Дархан Қыдырәлі: Шет елдерде мәдени жауһарларымызды жаһанға танытатын орталықтар ашылса

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  Мәдени жауһарларымызды жаһанға  таныту үшін шет елдерде арнайы орталықтар ашылса. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ басқармасының төрағасы Дархан Қыдырәлі осындай ұсыныс  жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ол ҚР Президентінің ел газеті Егеменде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы ел ішінде де, шетелде де үлкен серпіліс туғызғанын баса атап өтті.

«Ұлтымыздың рухын асқақтатып, санасын серпілткен бұл бағдарлама бүгінгімізді бүтіндеп, болашағымызды бекемдеудің берік қазығына айналды. Баршаға бағдар болған байламды бәтуаға қазақ баласы түгел атсалысуға тиіс деп ойлаймыз. Осы орайда мәдени жауһарларымызды жаһанға жүйелі таныту мақсатында шет елдерде, әсіресе диаспора шоғырланған елдерде арнайы орталықтар ашылса деген тілегіміз бар. Сол арқылы өзіңіз айтқандай қазақ тілі де құлашын кеңге жазып, тұғырын биіктете түседі деп  ойлаймыз», - деді Дархан Қыдырәлі.

 Оның айтуынша, киелі Атамекен ұғымы біздің санамызда айшықталады. Туған жер қанымыздың түйіршігінде, жанымыздың түпкірінде, тарихи таным түйсігіміздің терең қатпарында қатталады.

«Осыдан құралған Отан деген қасиетті сөз ұрпақтың бойтұмарына айналады. Киелі жер біз үшін әуелі құтты қоныс болған жер, әулие-әмбе қонған жер, баба бейіті қалған жер. Бұл тұрғыдан алғанда алтынды Алтай да, жер жаннаты Жиделі-Байсында, Еділ мен Жайық та  барша қазақ үшін киелі мекен, құттық қоныс. Бір заманда қазақтың қатысуынсыз шекара сызғанда арғы бетте қалып қойған ағайынның біразы бүгінде өз ата қонысында отыр. Сондықтан ол жерлер де қазақ үшін киелі болып саналады», - деді «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы.

Соңғы жаңалықтар