Дархан Қыдырәлі Моңғолия Ұлттық Ғылым академиясының Құрметті докторы атағын алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада өтіп жатқан «Ұлы дала» гуманитарлық ғылымдар форумында Халықаралық Түркі академиясының (TWESCO) басшысы Дархан Қыдырәліге Моңғолия Ұлттық Ғылым академиясының Құрметті докторы атағы берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Моңғолия мен Түркі әлемінің арасындағы ғылыми ынтымақтастықты дамытуға қосқан еңбегі және көшпелілер мұрасын зерттеуге қосқан зор үлесі үшін тағайындалған марапатты Моңғолия Ұлттық Ғылым академиясының І вице-президенті, академик Гэлэгпил Чулуунбаатар тапсырды», -деп атап өтілген таратылған мәліметте.

Г. Чулуунбатардың айтуынша, Дарxан Қыдырәлі Академияның Құрметті докторы атағы берілген бесінші адам.

Айта кету керек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына арналған Форум жұмысына АҚШ-тан, Еуропа мен Азия елдерінен келген 200-ге жуық ғалымдар қатысуда.

Академия сайтының мәліметіне қарағанда, кеше Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) мен Моңғолия Ұлттық Ғылым академиясы өзара ынтымақтастық меморандумын бекітті. Құжатта көрсетілген шарттарға сәйкес, тараптар ғылым саласындағы маңызды жұмыстарды жетілдіріп, тиімділігін арттыру мақсатында ортақ ғылыми-зерттеулер мен жобаларды жүзеге асыруға келісті. Атап айтқанда, бірлескен ғылыми-зерттеу экспедициясын өткізуге, ғалымдар мен зерттеушілер арасында өзара тәжірибе алмасуға, жас ғалымдарды тағылымдамадан өткізуге, сонымен қатар тарихи дереккөздер мен ескерткіш кешендерін бірлесіп зерттеуге уағдаласты.

Соңғы жаңалықтар