Данияр Елеусіновтің салмағында енді жастарға жол ашылады - Мырзағали Айтжанов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін БАҚ өкілдері Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусіновтің ресми түрде кәсіпқой боксқа ауысқанын жарыса жазып жатыр.

Осыған орай таралған ақпараттың анық-қанығын білу мақсатында бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановқа қоңырау шалып, мән-жайді сұрадық.

-Мырзағали Құланұлы, төл шәкіртіңіз Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің кәсіпқой боксқа ауысып жатқаны қаншалықты шындыққа жанасады?

- Иә, ондай сөз шықса, тегін емес. Бұл шындық. Ол кәсіпқой боксқа кетіп жатыр.

-Сіз оның кәсіпқой боксқа ауысуына қалай қарайсыз?

- Кім болса да, біреудің бағын байлай алмайды. Егер алдына белгілі бір нақты мақсат қойып, соның жолында бар күш-жігерін салып жатса, неге қолдамасқа? Ол жақында маған арнайы қоңырау шалып, америкалық промоутерлерден ұсыныс түсіп жатқанын, олармен келісімшартқа отыруға дайын екенін айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Мен оның ойларымен келісіп, ақ жол тіледім. Біз оның ұсынысын команда болып қолдадық. Енді ол Геннадий Головкин сияқты қазақтың туын кәсіпқой бокста желбіретеді.

-Данияр әуесқой бокста жүріп, енді бір Олимпиадаға қатысу мүмкіндігі бар еді...

- Иә, әуесқойда жүрсе тағы бір Олимпиадаға баруға толыққанды мүмкіндігі бар. Алайда ол бокстан әуесқойда қандай деңгейдегі жарыстар болса, соның барлығын бағындырып болған спортшы. Азия біріншілігін, Әлем чемпионатын, өзге де көптеген халықаралық жарыстарды, өткен жылы  ғана жарыстың төресі саналатын Олимпиада алтынын да қанжығасына байлады. Енді ол өзге қырынан танылып, кәсіпқой рингте бағын сынамақ.

-Енді 69 келі салмақта кімге үміт артамыз?

- Біздің міндетіміз - шәкірт тәрбиелеу. 69 келі «қазақтың алтын салмағы» екенін білесіздер. Данияр кеткенімен бұл салмақтың орны босап қалмайды. Оның орнына жаңа спортшылар келеді. Бұйырса, келесі Олимпиадада бұл салмақтан жаңа чемпион шығаратын боламыз. Данияр кетсе, артындағы жастарға жол ашылғалы тұр. Болашақта Данияр сияқты жаңа есімдер, жаңа жұлдыздар шығады әлі.

-Қазір ұлттық құрама оқу-жаттығу жұмыстарын бастады ма?

- Иә, оқу-жаттығуды бастап кеттік. Алматыдағы бокс академиясында Ұлттық құрама бапкерлері мен «Астана арландарының» бапкерлері бірге, жалпы 52 боксшыны жаттықтырып жатырмыз.

-Алда қандай жарыстар болады?

- Ақпан айында алғашқы турнир өтеді. Ол Венгрия еліндегі «Иштван Боскай» мемориалы. Ал наурызда екі бірдей халықаралық турнирге қатысамыз. Олар Германияда және Финляндияда өтеді. Басқа да түрлі додалар бар. Басты мақсат - Азия чемпионатына тыңғылықты дайындалу. Ақпан айында боксшыларымыз АҚШ және Германия елдерімен біріккен оқу-жаттығу жұмыстарын жасайды. Ал наурыз айында Германия еліне барып, Галле қаласында өтетін турнирге қатысады.

-Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар