Данияр Елеусінов: Екі дүркін Олимпиада чемпионы атануға мүмкіндігім бар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттерімен кездескен Олимпиада чемпионы, бүгінде кәсіпқой боксқа ауысқан Данияр Елеусінов келесі Олимпиада ойындарына қатысуы мүмкін екендігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Кәсіпқой рингтегі алғашқы жекпе-жек осы жылдың мамыр айында Қытай астанасы Бейжің қаласында өтеді. Ал дайындық әр уақытта да Флорида штатының Майами қаласында жүргізіледі. Себебі АҚШ кәсіпқой бокстың отаны болғаннан кейін сол жерде жаттығу керек. Онда қарсыластар да көп. Яғни, кәсіпқой бокстың қыр-сырын үйрену үшін сол жақта жаттығуды жөн көріп отырмыз», - деді ол.

Данияр өз сөзінде алғашқы жекпе-жегінің неліктен Қытай елінде өткізілетіндігін де түсіндіріп берді.

«Себебі Қытай елінің спортқа қызығушылығы артып келеді. Өздеріңіз де білетіндей «Шанхай» клубына қаншама мықты футболшыны сатып алып жатыр. Енді бокс нарығын да өздеріне тартуға тырысуда», - деді Елеусінов.

Елеусінов бала кезінен қазақтан шыққан тұңғыш екі дүркін Олимпиада чемпионы болуды армандағандығын да айтты.

«Дегенмен, ол арман тек қана арман болып қалмақ емес. Мен кәсіпқой боксқа ауысқан күннің өзінде де 2019-2020 жылдары байрақты бәсекелерде ел намысын қорғауға мүмкіндігім бар. Қол қойылған келісімшартта менің Әлем чемпионатына, Олимпиада ойындарына қатысуыма мүмкіндік беретін тармақтар бар. Қазақстан бокс федерациясы Олимпиада ойындарына сен керексің, деп шақыратын болса келісімімді беремін, промоутерлерім де келіседі», - деді даңқты боксшы.

Айта кетейік, Риодағы 2016 Олимпиада ойындарының жеңімпазы, танымал қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов (69 кг) «MJA Entertainment's» промоутерлік компаниясымен келісімшарт жасасқан.

Соңғы жаңалықтар