Даниал Ахметов ШҚО қарттарын Наурыз мейрамымен құттықтады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Солнечный кентінің медициналық-санитарлық мекемесінде Наурыз мейрамы тойланды. Ақсақалды аталар мен ақжаулықты әжелерге арнайы ұйымдастырылған мерекелік кешке облыс әкімі Даниал Ахметов қатысып, ақ тілегімен қатар тартуын да жолдады, деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қазіргі таңда мұнда 120 адам тұрып жатыр. Олар толық мемлекеттің қамқорлығында. Интернат тұрғындарының айтуынша, мекемеден пана тапқан әр жанның тағдыры әр басқа. Десе де, қазір олар бірлігі жарасқан, үлкен бір отбасы.

Олар үшін тұрмысқа қажетті барлық жағдай жасалған: толық медициналық қызмет, төрт уақыт тамақ, массаж кабинеті, спорт залы, демалыс бөлмесі. Тәулік бойы кезекшілік ететін мейірбикелердің арқасында білікті көмек ала алады. Қариялар бос уақыттарында тек қаланың емес, өңірдің қоғамдық өміріне белсене атсалысады. Мәселен, Зоя Сотникованың айтуынша, олар ақжаулық әжелерден тұратын музыкалық ансамбль құрып, жан-жаққа музыкалық сапарға шығады екен. Жақында ғана Серебрянск, Зевакино, Первомай ауылдарына барып қайтыпты. Бұдан бөлек, өлең жазып, сурет салумен айналысады. Қолөнер шеберлері де бар. Олар әр тоқыған киімдерін Сәбилер үйіне жібереді. Өмірдің қиын-соқпақ кезеңдерін қасқая қарсы алып, мәнін тани білген қарттар өз кезегінде Әз Наурызбен құттықтап келген қонақтарға дән риза екендіктерін білдірді.



«Жастары егде тартқан жандарға деген қамқорлықтарыңыз, қолдауларыңыз үшін интернат тұрғындарының атынан зор алғысымды білдіремін. Уақыт бөліп, бізді арнайы келіп жылы лебізіңізді білдіргеніңіз үшін ризамыз. Өз үйіміздей болған осы панажайға, мұндағы жағдайға көңіліміз тоқ. Бәрі таза, жылы, жайлы. Қызметкерлер де жақсы қарайды», - деді, көзіне жас алған Валентина Ермолаева.

Облыс әкімі әр бөлмені аралап, тұрғындарымен әңгімелесті. Олардың төккен маңдай тері, сіңірген еңбектері үшін зор алғысын жеткізді. Қалай дегенмен, аға буынның еселі еңбегінің арқасында қазіргі жастар жаңа заманда, жаңа Қазақстанда бақытты ғұмыр кешуде.

«Наурыз - көктемнің ең ұлық мерекесі. Үміт пен ізгілік гүлі бүр жарар шақ. Табиғат жаңарып, жақсылыққа деген сенім ұялайтын кезең. Ел болашағы үшін бар күш-жігерді сала, шын жүрекпен қызмет еттіңіздер. Сіздерге деген менің құрметім зор. Аман болыңыздар, менің құрметті жерлестерім!» - деді Даниал Ахметов.

Аймақ басшысы қарттарға теледидар мен қысқа толқынды пеш сыйға тартты. Концертте Вячеслав Ткач, Мұрат Жуанышбаев, Фарит Исмаилов, Анжелика Щербатых және «Ладушки» ансамблі өнер көрсетті. Тұрғындар өнерпаздармен бірге ән айтып, ортаға шықты. Жастық шақтарын еске түсірген олар кеш соңында әйгілі Шәмші Қалдаяқовтың әндерін шырқай, вальс биледі.

Соңғы жаңалықтар