«Дала бозторғайы» атанған Қытайдағы қазақ әншісі - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелде қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

****

Жайна Майдарқызы садақ атудан әлем кубогының чемпионы атанды - kaznews.mn

null 

Моңғолия Орхон аймағының 12 сынып оқушысы, қандасымыз Жайна Майдарқызы садақ ату бойынша әлем кубогының чемпионы атанды, деп жазады моңғолиялық KAZNEWS ақпараттық порталы.

«Жайна Майдарқызы Тайланд астанасы Бангкокта өтіп жатқан садақ атудан әлем кубогында нысананы дәл көздеп, жеңіс тұғырына көтерілген. Сонымен қатар Моңғолия құрамасынан Г.Уянга қола жүлдегер атанды. Моңғолия құрама сапындағы тағы бір қандасымыз Абылай Тілеубердіұлы жарыс соңында спорт шебері атанды», - деп хабарлайды аталған сайт.

Құмыл аймағында қанатты динозаврдың тасқа айналған қаңқа сүйегі табылды - «Жэньминь жибао» (People Daily)

null 

ҚХР Шыңжаң өлкесінің Құмыл аймағында ерте замандағы қанатты динозаврдың жұмыртқасы, эмбрионы және тасқа айналған қаңқа сүйегі қазылып алынды, деп хабарлайды kazakh.people.com сайты.

null 

«Қытай ғылым академиясы ғалымдарының зерттеу нәтижесінде, Шыңжаңның Құмыл аймағындағы құмды алқаптан 200 ден астам қанатты динозаврдың жұмыртқасы, эмбрионы және тасқа айналған қаңқа сүйегінің үш өлшемді түрде сақталған ерекше үлгісі табылған және сәтті қазылып алынған. Мұндай  қанатты динозаврдың жақсы сақталған эмбрионы әлемде алғаш рет табылып отыр. Халықаралық беделді ғылыми басылымдар бұл жаңалыққа ерекше назар аударуда», - деп хабарлайды дереккөз.

null  

Қазақстанда уран өндірісі 20 пайызға төмендейді - «Фарс» ақпарат агенттігі

null 

Қазақстан «Қазатомөндіріс» ұлттық компаниясы осы елдегі уран өндірісін 20 пайызға төмендетуді көздеп отыр, деп хабарлайды parstoday ақпарат агенттігі.

Fars ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, уран өндірісін төмендету 2018 жылдың қаңтар айынан басталып, 3 жылға созылады. Қазақстанда уран өндірісінің көлемі 2018 жылда 4000 тоннаға дейін азайтылады. Бұл көлем алдағы жылы әлемде өндірілетін уранның жалпы көлемінің 7 пайыздан астамын құрайды.

Қазақстан «Қазатомөндіріс» ұлттық компаниясы әлемдік уран нарығының 37 пайыздан көбін қамтамасыз етеді. Осы 3 жылда уран өндірісі шамамен 11 тоннаға азаяды. Бұл шешім Қазақстандағы уран қорының қызметін ұзартатын болады.

 Роза Бағланова «дала бозторғайына» теңеген Қытайдағы қазақ әншісі - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNK)

null 

Қытайлық kazakcnr.com сайтында Нұрсадық Сейітқожаұлының Қытай қазақтарының арасынан шыққан белгілі әнші, композитор Тұран Құсайынқызымен болған сұхбаты жарық көрді.

Аталған сұхбатта, халық   әнінің қадыр қасиетін кемітпей, оның ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуына, ғасырлар бойы мұра болып қалуына өз үлесін қосып келе жатқан, дара дауысымен халық әндері мен өзі жазған әндерін тамылжыта шырқап, халқымыз жүрегінен терең орын алған белгілі әнші, Қытай музыканттар  қоғамының мүшесі, 100 ден астам ән жазған таланытты композитор Тұран Құсайынқызының өмір жолы мен шығармашылғы туралы жан-жақты сыр шертеді.

«Мен 1946 жылы ҚХР Іле Қазақ автономиялы обылысының Қорғас ауданында дүниеге келіппін. әкем шешен тілді, өлеңші ән-күйге құмар,  өз ортасында сыйлы, асыл азамат болған. Шешем Балқиядан 6 айлық, сәби кезімде жетім қалыппын, анадан айрылған сәбидің күні қандай қиын, қандай машақатты десеңізші!? Жетімдіктің сормаңдай, бұраң жолын басып, анаға деген шексіз сағыныштың отында жанған адам мендей-ақ болар. Осылай пешенеме жазылған тағдырымды кеше жүріп есейдім. 1961 жылы Шыңжаң көркемөнер колледжінің оқытушылары біздің мектепке  келіп  оқушы қабылдады, мен өз туындым «Қызыл гүлді» орындадым. Сынақ  алатын мұғалімдер 14 жасымда шығарған алғашқы әнім «Қызыл гүлді»  жоғары бағалап, мені оқуға қабылдады. Көптен аңсаған арманыма жеттім. 1964 жылы түсірілген «Тянь- Шань қызыл гүлі» атты кинода менің «Қызыл гүлім»  кинода орындалатын әннің бірі  болып  таңдалды. Осылайша, әншілік, композиторлық өмірім  басталды. 1981 жылы әнші Хамит Ысқақұлы екеуіміздің орындауымызда, халық әндерін негіз етіп «Ақ марал сұлу еркем», «Елігай», «Құрбым-ай», «Керым-ау, айдай» сияқты әндерді оркестрдің сүйемелдеуінде үнтаспаға жаздырдық. 1981 жылдың аяғында Бейжіңдегі орталық студияда  әнші Хамит екеуіміздің «Бипыл» атты ән бейнетаспамыз шықты. Бұл Қытай қазақтарынан шыққан алғашқы бейнеклип. Осы таспаны сол уақыттарда қытайдағы өнер сүйер қауыммен бірге, Қазақстан, Түркия, Моңғолия, Германия, Иран қатарлы елдердегі  қазақтар да  қалап  алып тыңдады», - дейді  Тұран Құсайынқызы сұхбатында.

Сұхбатта бұдан басқа да талантты әнші өмірінің әр кезеңі, әр қыры, жемісті өнер жолы туралы үнегелі әңгіме өрілген. Сондай-ақ, Тұран Құсайынқызы аты аңызға айналған, қазақтың әйгілі әншісі Роза Бағлановамен жүздескен сәтін, танымалы тұлғаның өнерін жоғары бағалап айтқан ақжарма тілегін сұхбатта тебірене еске алады.

  «2006 жылы қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы, әнші Роза Бағлановамен,  кезінде Шыңжаң үкіметінің басшысы болған Жәнәбіл Сымағұлұлы ағамыздың шаңырағында жолықтым. Сол жерде әйгілі әншінің алдында ән айту бақыты бұйырды. Мен өз әнім «Балалық шақты», халық  әні «Елігай», «Ақ марал сұлу еркемді» орындадым. Ән аяқталғанда Роза апай қатты әсерленіп мені бауырына басып: «Неткен жағымды ән! Қайталанбас қымбатты дауыс! Мен ауылда туып, ауылда өскен қойшының қызымын. Бала кезімде көктем айында әкем қой баққалы шыққанда соңынан қалмай еріп жүруші едім. Сол кезде дала бозторғайлары ән салатын, дала бозторғайларының жағымды әндері менің сәби жүрегімді тербеп, сарқылмас күш-қуат сыйлайтын. Сенің жағымды дауысың, әсем әндерің маған қайталанбас балалық шағымды, туған жерімдегі дала бозторғайларын елестетті. Қазір дүние жүзіндегі мамандар дала бозторғайының дауысын бұлбұлдан жоғары бағалап отыр. Дауысың ешқашан қарлықпасын, өнер көгінде жұлдыз болып жарқырай бер, айналайын!» деп маңдайымнан сүйгенде, мерейім өсіп, ерекше әсерге бөлендім. Осы бір қимас сәттерім мәңгі есімнен кетпейді» - дейді әнші, композитор Тұран Құсайынқызы.

Моңғолия Ұлы Құрылтай депутаты Мұрат Дәкейұлы Қазақстанда сапарда болды - ulgiinews.mn

null 

Қазақстанның Астана қаласында өткен Халықаралық Парламентаралық конференцияға Моңғолия Ұлы Құрылтай (Парламенті) мүшесі, парламенттегі Моңғолия-Қазақстан тобының жетекшісі Мұрат Дәкейұлы еліміз атынан қатысты,  деп хабарлайды  моңғолиялық ulgiinews ақпараттық порталы.

 Моғолиялық БАҚ-тың жазуынша, аталған сессияда МҰХ мүшесі,  парламенттегі Моңғолия-Қазақстан тобының жетекшісі Мұрат Дәкейұлы сөз алып, екі елдің қарым-қатынасын, оның ішінде парламентаралық байланыстарды дамытуға ниетті екенін білдірген. Сонымен бірге, Қазақстан парламентінің мүшесі, Қазақстан - Моңғолия парламенті тобы жетекшісінің орынбасары А.Смағұловпен жолығып, екі елдің қарым-қатынастары туралы пікір алмасқан. Кездесу барысында, Моңғолия президентін  2018 жылдың басында Қазақстанға сапарлап келуін тыңғылықты ұйымдастыру,  Моңғолия мен Қазақстан арасына Ресей Федерациясы арқылы өтетін транзиттік жүк тасымалдау дәлізін ашу, Ұланбатыр мен Астана арасындағы әуемен жолаушы тасымалдауды қалпына келтіру мәселелерін талқылады.

ТР Кеден және сауда министрі Қазақстан елшісін қабылдады- ТРТ

null 

ТР Кеден және сауда министрі Бүлент Түфенкчи Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлын қабылдады, деп хабарлайды www.trt.net.tr сайты.

Аталған дереккөздің хабарлауынша, ТР Кеден және сауда министрі қабылдауда Түркия мен Қазақстанның бауырлас және дос елдер екенін айтып,  кеден басқармаларының да жақын ынтымақтастықта екенін білдірді. Түфенкчи айырықша Түркітілдес мемлекеттер кеңесі және Жібек Жолы бастамасы секілді серіктестіктерді жетілдіру керектігін меңзеп,  мұның аймақ және Түркияға жақсы әсер ететінін атап көрсетті.

«Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сапарбекұлы да Баку-Тбилиси-Карс теміржолы магистарлінің үздіксіз жұмыс істеуі үшін Түркияның тәжірибелерінен пайдалану керектігін айтты.  Абзал Сапарбекұлы екі ел арасында кеден саласында өте маңызды жетістіктер болып жатқанын да білдірді. Қабылдау соңында Қазақстан елшісі түрік министрге Қазақстанның Тәуелсіздік мерекесіне орай «Қазақстан Құрмет медалін» табыс етті», - деп жазады аталған БАҚ.

Соңғы жаңалықтар