«Цифрлық Қазақстан»: Батысқазақстандық университет жаңа жобаны жүзеге асыруда

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - «ҚИТЖУ» ғылыми-білім кешені «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында тың жобаны жүзеге асыруда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Аталмыш кешеннің құрылтайшысы, техника ғылымдарының кандидаты, профессор, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы жеңімпаздарының бірі Ақсерік Әйтімовтің айтуынша, кешен құрамындағы «Транс» ғылыми-зерттеу институты ұсынған «Университеттегі виртуалды білім беру ортасы: оқытушы-профессор құрамының ақылды жұмыс орындары» атты ғылыми жобасы республикалық байқауда жеңімпаз атанды. Соған сәйкес ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Ғылым қоры 227 млн теңге көлемінде грант белгіледі. Осы тың жобаны жүзеге асыру барысында алынған нәтижелер мен ғылыми негізделген озық технологияларды республиканың барлық арнаулы орта және жоғары оқу орындарына тарату көзделуде.

Бұл, әрине, цифрландыру бағытында оқу орны атқаруға тиісті жұмыстардың бір парасы ғана. Өйткені Елбасы белгілеген Қазақстанды озық 30 елдің қатарына қосатын нақты бағыттың бірі - ақпараттық технологиялар индустриясы. Яғни Қазақстанның келешегі цифрлы экономикада.

Мемлекет басшысы тарапынан жеке оқу орындарын дамытуға да ұдайы көңіл бөлініп келеді. Мұның нақты мысалын осы «Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті» ғылыми-білім кешенінен білуге болады. Бұдан ширек ғасыр бұрын ашылған шағын «Андас» орталығы бүгінде құрамында бірнеше оқу орны бар ірі кешенге айналды.

null 

Ендігі міндет - Жолдауда көрсетілген басты мақсат-міндеттерді орындай білу. Әсіресе, ақпараттық технологиялар бойынша білім беруді барынша дамыту, жоғары оқу орындарына білім беру бағдарламаларын жасауға көбірек құқық беріп, олардың академиялық еркіндігін заңнамалық тұрғыдан бекіту қажеттігі айтылды. Осы орайда оқытушылардың қайта даярлықтан өтуіне күш салып, ЖОО-ларға шетелдік менеджерлерді тартып, әлемдік университеттің кампустарын ашу қажеттігі күмән туғызбайды.

Мысалы, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің бірінші проректоры Алмагүл Қамиева 2015 жылы Болгарияның Варна қаласындағы Ч.Храбра атындағы университетке докторантураға түсіп, соның нәтижесінде өткен жылы докторлық диссертациясын қорғап келді.

Сол секілді заң кафедрасы факультетінің жетекшісі Жанар Ахатова 2017 жылы Мәскеуден ғылым кандидаты дәрежесімен оралды. Рубек Сейткереев Самара мемлекеттік экономика университетін бітіріп, зерттеу жұмыстарымен айналысуда. Академиялық ұтқырлық аясында Мәскеу облысындағы «Дубна» табиғат, қоғам және адам халықаралық университетінің магистратура бөлімін бітірген сегіз жас маман кешенге  қайта келіп, жұмысқа орналасты. Қазіргі таңда осы оқу орнында жолдамамен 53 жас білім алуда.

null 

Оған қоса Татарстанның Альметьев қаласындағы мемлекеттік мұнай институтында, Самарадағы Поволжье байланыс және информатика мемлекеттік университетінде де ақысыз білім алып жатқан студенттер баршылық.

«Кешендегі оқу орындары қазіргі заманғы талаптарға сай келетін құрал-жабдықтармен барынша қамтылған. Бұл ретте IT-технологиясы негізінде құрылған Хай-тек зертханасы, роботтехника зертханасы, күн, желден энергия алудың ашық алаңы, күн энергиясын пайдаланудың гелиоэлектромобил жобасы, баламалы энергияны өндіріске, тұрмысқа пайдаланудың зертханасы және басқаларын айтуға болады. Универститет оқытушылары студенттермен бірге күн сәулесінен қуат алып жүретін жеңіл автокөлік ойлап шығарды. Түрлі республикалық байқауларда  студенттердің озып шығып, жүлде алуы бағыттың дұрыс екендігін айқындай түседі. Алдағы уақытта да Елбасымыз алға қойып отырған инновациялық жаңалықтарды игеруге, мобильді және мультимедиялық, нано және космостық технологияны, робот техникасын, гендік инженерияны,  болашақтың  энергиясын дамытуға баса мән беретін боламыз», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Ақсерік Әйтімов. 

null 

Соңғы жаңалықтар