Цифрландырудан хабары бар емделушілер үйден шықпай-ақ бірнеше қызметті ала алады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой Үкімет отырысында денсаулық сақтау саласын цифрландыру қандай мәселелерді шешуге мүмкіндік беретінін айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Медициналық қызметкерлердің компьютерлік сауаттылығы мен халықтың цифрлық денсаулық сақтау мүмкіндіктерін меңгеруі бойынша мәселе жоқ емес. Аталған мәселені шешу үшін тың технологияларды енгізу бойынша келісімдерді жасау кезінде әкімдіктер медициналық қызметкерлерді ақпараттық жүйе бойынша оқыту мәселесіне мән беруі керек», - дейді Алексей Цой.

Вице-министрдің айтуынша, денсаулық сақтау министрлігі алдағы уақытта элекронды денсаулық сақтау орталығының күшімен медицина қызметкерлерін кезең-кезең бойынша оқытуды көздеп отыр.

«Цифрлық денсаулық сақтаудың мүмкіндіктерін халыққа түсіндіру үшін төрт өңірде пилоттық жоба ретінде жоспарлар әзірленіп, оған сәйкес денсаулық сақтау саласының электронды қызметтерінің мүмкіндіктерін насихаттау жүргізілуде. Бұл мәселелердің шешімі келесі мүмкіндіктерге қол жеткізуге жол ашады: электронды құжаттың арқасында дәрігерлер науқастың нақты жағдайы қандай екенін анықтай алады; Поликлиникалардағы кезек азаяды; Учаскелік дәрігерлерге бару қажеттілігі үштен бірге төмендейді», - дейді ол.

Алексей Цойдың сөзіне сенсек, пациенттер үйден шықпай-ақ, дәрігердің кеңесін, дәрілердің рецептін, аурухана анықтамасын, дәрігерге қаралғаннан кейінгі қорытындыны ала алады.

«Әсіресе, бұл алыс ауылдағы  халық үшін аса ыңғайлы. Пациенттер онлайн-мониторинг арқылы өзінің денсаулығына, әсіресе созылмалы ауруға шалдыққан науқастар өз жай-күйіне баса мән бере бастайды», - деп түйді Алексей Цой.

Соңғы жаңалықтар