Цифрландырудан экономикалық пайда табуға болады - Дәурен Абаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Қазақстанды цифрландырудың экономикаға пайда әкелетіндігі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осыдан небәрі 8 жыл бұрын желіге қосылған құрылғылардың саны ғаламторға кіру мүмкіндігі бар адамдардың санымен тең болатын. Дегенмен, 2030 жылға қарай кейбір футурологтардың болжамына сәйкес,  интернет  заттарының инфрақұрылымы 1 трлн құрылғы мен 100 млн қосымшаға таралмақ. Ойлап көріңіздерші, Mackenzie   сарапшылары жаһандық экономикаға интернет заттарының қосатын әлеуетті үлесін 2025 жылға қарай 11 трлн доллар көлемінде бағалап отыр», - деді министр бүгін Астанада өтіп жатқан «IoT Forum Astana-2017» форумы барысында.

Оның атап өтуінше, осынау ғажап жаңа әлемге дүниежүзінің барлық елдері ұмтылуда. Алайда, олардың ішінде Сингапур, Қытай, Дания, Оңтүстік Корея сынды елдер бұл бағытта өте жылдам ілгерілеп келеді.

Бұл ретте министр Қазақстан үшін олардан қалып қоймау және дербес цифрлық ландшафты жүйелі дамыту барынша маңызды екеніне тоқталды.

"Осы мақсатта инфрақұрылымдарды, адами капиталды, мемлекеттік қызметтерді дамытуды, инновациялық экожүйені және экономикамыздың салаларын цифрландыруды қамтитын «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы әзірленген. Нәтижесінде халықты, мемлекет пен бизнесті цифрландыруға белсенді тартуға негізделген айтарлықтай экономикалық өсім аламыз деп үміттенеміз. Мемлекет басшысы осы бағдарлама арқылы біздің алдымызға келешегі зор мақсат  қойды. Мұның барлығынан бөлек экономикалық тиімділік те міндетті түрде қажет. Біз соған ұмтылатындығымыз сөзсіз. Кеше ғана Индустрияландыру күнінде сөз сөйлеген Мемлекет басшысы цифрландырудың мәнін, ол неге апарады және қандай жолдармен жетуге болатынын қоғамның түсінуі маңызды екендігін атап өтті. Егер біз ең жоғары саяси деңгейде Қазақстанды цирфрландыруға ниетті  болсақ, онда цифрландырудан шынайы экономикалық пайда  алу мүмкін боларына түбегейлі сенімдімін», - деді Дәурен Абаев.

Соңғы жаңалықтар