Цифрландыру процесіне барлығы қатысуы керек - Президент

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев шенеуніктер мен компаниялар басшыларын цифрландыру үдерісіне ерекше назар аударуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Үшінші жаңғыру бағдарламасы еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыруды, біздің тауарлардың экспортын кеңейтуді талап етеді. Индустриалды саясаттың негізгі бағыты 4.0 технологияларын енгізуге қатысты болып отыр. Бұл бағыттың мән-жайын тыңғылықты түсіну керек. Осыған байланысты «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы дайын. Сондықтан оны жүзеге асыруға барлығы қатысуы керек, яғни әрбір министрлік, әкімдік, сондай-ақ Қазақстандағы әр компания қамтылуы тиіс», - деді Елбасы жалпыұлттық телекөпір барысында.

Сонымен қатар Президент жақында Астана цифрландыру бойынша ауқымды форумды қабылдайтынын еске салып өтті.

«Цифрландыру тұрғысында Ресеймен, Беларусьпен және басқа елдермен уағдаласқан қадамдар аясында алдағы ЕАЭО форумын барынша жемісті өткізу маңызды. Мен Премьердің орынбасары ретінде арнайы Асқар Жұмағалиевті тағайындадым. Ол әр ай сайын қандай компания мен кәсіпорын цифрландыруға көшкендігі туралы, сондай-ақ олар қандай нәтижеге қол жеткізгендігі жайында баяндауы тиіс», - деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Астанада Елбасының қатысуымен «Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы» ұлттық телекөпірі өтті. Шара барысында онлайн режимінде бүкіл ел бойынша жаңа индустриялық-инновациялық, инфрақұрылымдық, энергетикалық, агроөнеркәсіптік жобалар іске қосылды.

Соңғы жаңалықтар