БЖЗҚ қызметінің 52 пайызы электрондық түрде көрсетіледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрайымы Нұрбүбі Наурызбаева зейнетақы жинақтау қорындағы цифрландыру туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының есебі бойынша, зейнетақы қоры жайлы электрондық түрде ақпарат алушылар саны 294,7 мыңға жеткен. Ал 2018 жылдың 1 сәуіріне дейін 5 млн азамат зейнетақы қорындағы жеке шотының көрсеткішін білу үшін электрондық қызметті таңдаған. Оның ішінде, 823 мың адам Қордан анықтама қағазын электрондық поштасы арқылы алса, 4,2 миллионы БЖЗҚ сайты немесе мобильдік қосымша арқылы алған.

«Өткен жылдың 1 шілдесінен бастап Қордың барлық қызметі электрондық түрде беріле бастады. Тек тұрақты мекенжайының өзге елге ауысуына байланысты, шоттағы қаржыны аудару әзірге оффлайн тәртібінде ғана жүргізілуде. Бұл процесті де осы жылдың соңына дейін электрондық түрге ауыстыру жоспарланған. Сонымен, зейнетақы қорының электрондық түрде қызмет көрсетуі 52 пайызға жетті. Жалпы есеппен, 6,4 млн операция орындалған», - дейді «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрайымы Нұрбүбі Наурызбаева.

Оның айтуынша, қазмет көрсету сапасына арызданғандар көрсеткіші 0,003 пайызды құрап отыр.

«Өткен жылдан бері БЖЗҚ-ның 18 бөлімшесінде өз-өзіне қызмет көрсететін терминалдар жұмыс істеп келеді. Бұл әзірге пилоттық режимдегі жоба, бірақ жақын болашақта олардың санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Естеріңізге сала кетсем, өткен жылдың шілдесіне дейін электрондық түрде тек анықтама алу мүмкін болған», - дейді Нұрбүбі Наурызбаева.

Сондай-ақ, БЖЗҚ мамандары салымшыларға қашықтан кеңес беру арналарын дамытуда. Ресми ақпаратқа орай, 405 мың сұранысқа байланыс нөмірі және интернет арқылы кеңес беру жүзеге асырылған. Ешбір сұрақ жауапсыз қалдырылмаған. БЖЗҚ-ның ішкі бақылау мен тәуекелдерді басқару жүйелерін дамыту өткен жылдан бері қолға алынып, әрбір сұранысты толықтай қанағаттандыру басты мүддеге айналды.

Фото: exelentlady.ru

Соңғы жаңалықтар