«БЖЗҚ» АҚ экс-басшылары алған параның сомасы белгілі болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда өтіп жатқан сот барысында БЖЗҚ экс-басшылығы қанша пара алғаны туралы айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басты сот талқылауында прокурор «Бузгул Аурум» ЖШС құрылтайшысы Бақытжан Кенжебаевтың геологиялық барлау компаниясының облигацияларын сатып алу үшін «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрағасы Руслан Ерденаев пен оның орынбасары Дабыр Медетбековке пара бергенін айтты.

«2016 жылдың тамызында Кенжебаев, Медетбеков, Тұртаевтың кездесуі барысында Кенжебаев Медетбековке облигация сатып алу туралы ұсынысты қайта қарауға өтініш айтқан.  Өз кезегінде Медетбеков қордың 5 млрд теңгеге облигация сатып алуға шамасы бар екендігін айтқан. Медетбеков жеке басының қамын ойлау мақсатымен Ерденаевпен ымыраласа отырып, Ерденаев екеуіне мәміленің 10 пайызын сұратқан. Яғни, 5 млрд теңгенің 500 млн теңгесін. Кенжебаев бұл соманың тым жоғары екендігін айтқан. Нәтижесінде тараптар 700 мың АҚШ долларына келіскен», - деді прокурор. 

Осылайша Руслан Ерденаев ҚР ҚК 366-бабы бойынша мемлекеттік қызметті атқаратын тұлғаға теңестіріле отырып, басқа адамдармен ауыз жаласып аса ірі көлемде пара алды деген айып тағылды.

Жалпы сомадан 400 мың АҚШ доллары - Ерденаевқа, 300 мың АҚШ доллары Медетбековке берілуі тиіс болған. Бұл ақшаны «Бузгул Аурум» құрылтайшысы «Азия кредит банк» банкінің шотынан алған.

Алайда, Ерденаевтың қорғаушысы айыптау актісіндегі кейбір пункттерге қарсылығын білдірді.

«Айыптау актісіне сәйкес 400 мың доллар - Ерденаевқа, 300 мың доллар Медетбековке берілді деп жатыр. Алайда соңынан Ерденаевқа толық тағылған айып 700 мың АҚШ долларына келіп саяды. Сонымен қай сома дұрыс? 400 мың, әлде 700 мың? Сот үкімі соманың көлеміне тікелей байланысты. Прокурор бұл олқылықты түзеуі керек», - деді қорғаушы Александр Блок.

Ал, сот алдында жауап беріп жатқан тұлғалар түсініктеме беруден бас тартты. Азат Найзағарин өзіне тағылған айыппен ішінара келіссе, Мұса Бақытов толық мойындамады.

Алмалы аудандық соты 2017 жылдың 9 қаңтарында «БЖЗҚ» АҚ экс-төрағасы Руслан Ерденаевқа, «БЖЗҚ» АҚ тәуекелдерді басқару департаментінің басшысы Мұса Бахытовқа, «Алатау Мұнай Алтын» АҚ бақылау кеңесінің төрағасы Бақытжан Кенжебаевқа, «Бузгул Аргум» ЖШС директоры А.Найзағаринге қатысты бұлтартпау шарасын тағайындаған болатын. Кейінірек аталған іске қатысы  бар деген күдікпен «Мегатрансазия» ЖШС директорының орынбасары Т. Тұртаев пен «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Д. Медетбеков қамауға алынған еді.

Сотқа дейінгі тергеу орындары Р.Ерденаев пен өзге де тұлғаларға меншікке қатысты ҚР ҚК 189-бабының 4-тармағы бойынша ауыр қылмыс жасады деп айып тағып отыр.

Айта кетейік, жыл басында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласындағы департаменті БЖЗҚ-ның құны 5 млрд теңге болатын келісімшартын тексерген болатын. Ұлттық банктің қатысуымен «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның әрекетін тексеру өткен жылдың 21 желтоқсанынан басталған.

Соңғы жаңалықтар