Бюджет қаржысы есебінен шетелде емделуге кімдер құқылы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бюджет қаражаты есебінен шетелде емделуге кімдердің жіберілетінін айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.    

«ҚР азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберу мәселесін шешу үшін республикалық денсаулық сақтау ұйымдары жұмыс органының қарауына тиісті құжаттарды енгізеді. Жұмыс органы аталған құжаттарды қарастырып, ҚР азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелдік медициналық ұйымдарға емделуге жіберу жөніндегі комиссияның отырысына шығарады, сонда шешім қабылдайды», - деп жауап берді «ҚазАқпарат» ХАА тілшісінің ресми сауалына министрліктің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Лаура Ахметниязова.

Департамент директоры сонымен қатар, бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберілетін азаматтар санатын ұсынды.

«Олар: медициналық көрсетілімдері болған және ҚР денсаулық сақтау ұйымдарында диагностика мен емдеудің қолдануға рұқсат етілген барлық әдістері пайдаланылған, бірақ емнің оң нәтижесі болмаған 18 жасқа дейінгі балалар. Сонымен бірге, ҚР Президентінің, ҚР Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша ерекше жағдайларда қызметтік міндеттерді атқару кезінде ауыр жарақат алған және мертіккен, ҚР денсаулық сақтау ұйымдарында диагностика мен емдеудің қолдануға рұқсат етілген барлық әдістері пайдаланылған, бірақ емнің оң нәтижесі болмаған құқық қорғау органдарының қызметкерлері, ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері», - делінген жауапта.

Министрліктің өкілі шетелге емделуге жолданған пациенттің шығындары бюджет қаражаты есебінен өтелетінін мәлім етті.

«Бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жолданатындар - көбіне әртүрлі онкологиялық аурулармен ауыратын пациенттер», - дейді Лаура Ахметниязова.

Министрлік өкілінің жауабына сәйкес, Алматы және Астана қаласы, Шығыс Қазақстан және Алматы облысынан науқастар шетелде емделуге көбірек өтінім береді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2018 жылы бюджет қаражаты есебінен Қазақстан азаматтарын шетелге емдеуге жіберу үшін 1,6 млрд теңге бөлінді (2017 жылы - 1,59 млрд теңге).

Соңғы жаңалықтар