Былтыр БҚО бюджетіне 249 млрд теңге түскен

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 2017 жылы мемлекеттік бюджетке 249 млрд теңге түсім түсті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Қайдаровтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім еткеніндей, соның ішінде 175 млрд теңге республикалық, 74 млрд теңге жергілікті бюджетке аударылды. 2016 жылмен салыстырғанда, салық түсімдері республикалық бюджетке 10 млрд теңгеге, жергілікті қазынаға 3,5 млрд теңгеге артық түскен.

Оған қоса Ұлттық қорға 2017 жылы 178 млрд теңге салық түсімінің түсуі жоспарланса, ол 266 млрд теңге болып, 107 пайызға орындалды. Бұл 2016 жылғыдан (120 млрд теңге) 146 млрд теңгеге артық.

Өткен жылы қосымша 12 млрд теңге салық түсімдері анықталып, бюджетке өндірілді. Сонымен қатар 760 млн теңге салық берешегі өндірілді.

2018 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметке сәйкес салық берешегі 3,6 млрд теңгені құрап, өткен жыл басымен салыстырғанда, 17,3 пайызға азайды.

Департамент басшысының кеден саласы бойынша орынбасары Нұрболат Абдуловтың сөзіне қарағанда, кедендік түсімдер болжамы 19 730,6 млн болса, нақты түсім 19 924,4 теңгеге жетіп, жоспар 101 пайызға орындалды. Облыстың сыртқы сауда тауар айналымы 4 792,2 млн АҚШ долларын құраса, оның 93,6 пайызы (4483,5 млн доллар) - экспорт, 6,4 пайызы (308,7 млн доллар) - импорт.

Департамент басшысының экономикалық тергеулер қызметі саласы бойынша орынбасары Темірлан Шоңаев 2017 жылы өндірісте 245 қылмыстық іс, 230 құқықбұзушылық тіркелгенін жеткізді. Аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген шығын көлемі 1 млрд теңгеге жуық, соның ішінде тәркілеуді қоса алғанда, 517 млн теңге өндірілді.

Соңғы жаңалықтар