Былтыр Алматы облысында 26 мыңнан аса тұрақты жұмыс орны ашылды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - 2017 жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысында 26 240 тұрақты жұмыс орны ашылды. Жұмысқа орналастыру туралы өңірдің уәкілетті органдарына 48 390 адам жүгінсе, оның 32 362-сі еңбекпен қамтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қоғамдық жұмысқа 10 120 адам тартылды. Жалпы сомасы 3149,3 млн теңге болатын әлеуметтік көмек түрлері 146,9 мың адамға көрсетілген, соның 768,6 млн теңгесі 37,7 мың адамға - аз қамтылған отбасыларының 18 жасқа дейінгі балаларына, 104,3 млн теңгесі 2,6 мың адамға - мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек ретінде берілген.

Елбасының биылғы Жолдауында айтылған міндеттерге байланысты жұмыспен қамту саласына да бірқатар жаңалықтар енгізілуі тиіс. Осы орайда өңір басшысы Амандық Баталов Жолдауды талқылауға байланысты өткен актив жиынында тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар берген болатын. Солардың қатарында Жұмыспен қамтудың Жол картасын жүзеге асырудың тиімділігін арттыру, Жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын цифрландыруды ұйымдастыру, әлеуметтік атаулы көмектің жаңа форматқа көшуіне байланысты орталық жұмысын жаңа жүйеге бейімдеу,  жаңа форматтағы әлеуметтік атаулы көмек алатындардың санын нақтылау ісі де бар.

 «Облыстық электронды еңбек биржасын Бірыңғай республикалық биржамен біріктіруді қамтамасыз ету қажет. Бірыңғай электронды еңбек биржасының енгізілуі жұмыс табуда үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл орайда азаматтардың компьютерлік сауаттылығын арттыруымыз керек», - деген еді облыс әкімі А. Баталов.

Соңғы жаңалықтар