БҰҰ жүйесінде қанша қазақстандық қызмет етеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Мұхтар Тілеуберді Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде Қазақстан тарапынан қанша адам жұмыс істеп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Сыртқы істер министрлігі халықаралық ұйымдарда Қазақстан азаматтарының көбірек қамтылуы үшін жүйелік жұмыстарды жүргізуде. Оның ішінде БҰҰ-ның орны ерекше. Біздің мәліметтерге сүйенсек, бүгінде Қазақстанның 34-ке жуық азаматы БҰҰ жүйесінде қызмет етуде, соның арасында 17-сі Алматыда орналасқан БҰҰ-ның 15 агенттігінде жұмыс істейді», - деді ол Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында.

Ағымдағы айда Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше ретінде төрағалық етуде.

«Өздеріңіз білетіндей, қазіргі уақытта Елбасы АҚШ-та сапармен жүр және 2018 жылғы 18 қаңтарда өтетін «Жаппай қырып жою қаруын таратпау: сенім шаралары» атты жоғары деңгейдегі тақырыптық брифингке төраға ретінде қатысуы жоспарлануда. Негізгі баяндамашы ретінде БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гуттериш сөз сөйлейді», - деп нақтылады М. Тілеуберді.

Айта кетейік, бұл отырысқа БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемлекеттерінің жоғары деңгейдегі өкілдері қатысады.

«Төрағалықтың екінші өзекті шарасы ретінде ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың төрағалығымен «Ауғанстанда және Орталық Азияда қауіпсіздікке және дамуға тәуелділіктің үлгісі ретінде аймақтық серіктестікті құру» атты Қауіпсіздік  Кеңесінің министрлік деңгейіндегі пікірталастары өтеді. Іс-шарада Орталық Азия елдері мен Ауғанстан сыртқы істер министрлерінің, сондай-ақ БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволары басшыларының қатысуы күтілуде», - деп нақтылады ол.

Соңғы жаңалықтар