БҰҰ комитеті Семей полигоны жөнінде резолюцияны мақұлдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемнің 23 мемлекетінің қолдауымен БҰҰ Бас Ассамблеясының екінші комитетінде Қазақстандағы Семей аймағында халықты оңалту, қоршаған ортаны қалпына келтіру және экономиканы дамыту мақсатындағы әрекеттерді үйлестіру мен халықаралық ынтымақтастық туралы резолюциясы келісілді, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Резолюция БҰҰ Бас Ассамблеясының жалпы отырысында, желтоқсан айына қабылдау жоспарланған.

Бұл 1997 жылдан бері БҰҰ Бас Ассамблеясының Семей аймағына арналған тоғызыншы резолюциясы болады.

Құжатта Семей өңірін қалпына келтіру мен дамытуға ресурстар бөлетін Қазақстан Үкіметінің маңызды рөлі туралы айтылған. Сондай-ақ, құжат халықаралық қауымдастықты зардап шеккен халықты емдеу мен қызмет көрсетудің арнайы бағдарламалар мен жобаларын әзірлеу және жүзеге асыруда, сондай-ақ Семей аймағында экономикалық өсу мен тұрақты дамуды қамтамасыз етуде Қазақстанға көмек беруге шақырады.

Семей аймағы жөніндегі резолюция - халық, әсіресе жас балалардың және басқа да осал топтардың өмірі мен денсаулықтарына ядролық сынақтардың ұзақ мерзімді салдарлары бойынша Қазақстан Республикасының елеулі алаңдаушылығын халықаралық қоғамдастықтың мойындауының көрнекті дәлелі.

Соңғы жаңалықтар