БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі ҚР төрағалығы Қазақстан, Ресей және Қытайдың үйлесімін арттырады - Яо Пэйшэн

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі қазіргі төрағалығы Қазақстан, Ресей, Қытай және басқа да елдердің дипломатиялық миссиясының үйлесімділік деңгейін арттырады. 

ҚХР СІМ жанындағы Азия және Африканы дамыту кеңесінің мүшесі, Қытай халықаралық зерттеулер қорының қызметкері Яо Пэйшэн ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында осындай пікір айтты.

Қытайдың Қырғызстандағы, Латвиядағы, Қазақстандағы және Украинадағы елшісі болған саясаттанушы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығынан кейін Қазақстанның өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі арта түсетініне сенімді болып отыр. «Мемлекетіңіз дауларды және күрделі халықаралық мәселелерді шешуде үлкен тәжірибе жинақтаған. Қазақстан түрлі өңірлердегі ахуалға әбден қанық, меніңше, ҚР төрағалығы аса табысты әрі сәтті болады, ҚХР, РФ және басқа да әлемдік державалардың өзекті халықаралық мәселелерді шешудегі үйлесімділігін арттырады», - дейді ол.

Сарапшы Қазақстан дипломатиясының негізгі тұстарын атап көрсетті. «Ең әуелі, инновацияларға ұмтылып жатқанын айту керек. Қазақстан Азияда өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесін шақырып, Әлемдік және дәстүрлі дін басшылары съезін ұйымдастырды, ЕАЭО құруды ұсынды, сондай-ақ өзге де маңызды бастамалардың іске асуына мұрындық болды. Екіншіден, тұрақты түрде белсенділік пен бастамашылық танытып келеді. Президент Н. Назарбаев қайда барса да, сыртқы әлемдегі әріптестерімен ынтымақтастық жасаудың бірде-бір мүмкіндігін жіберіп алмайды. Үшіншіден, жоғары бағаға лайықты инклюзивтілік. Қазақстанның досы көп. Ресеймен де, Қытаймен де, шектес басқа елдермен де өте тығыз да берік тату көршілік қарым-қатынастарын орнатқан. Мемлекет Еуроодақ және АҚШ-пен іскерлік байланыстарын сәтті жүргізіп келеді», - деді ол.

Яо Пэйшэн Қазақстан Президентінің қиын-қыстау кездерде ұтымды шешім қабылдаудың хас шебері екендігін айта келе, Қазақстан мен Қытайдың халықаралық аренада өзара тиімді ынтымақтастық жасап келе жатқанын тілге тиек етті.

Сарапшы Қазақстанның ядролық қаруды таратпау ісіне қосқан сүбелі үлесіне де тоқталды. «Тәуелсіздік алғаннан кейін еліңіз өз ықтиярымен қуаты жағынан әлемде 4-орында тұратын ядролық арсеналынан бас тартып, өзін ядросыз мемлекет деп жариялады», - деді қытайлық дипломат.

Еске сала кетсек, 2018 жылдың қаңтарында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне Қазақстан төрағалық етуде. 18 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен БҰҰ ҚК мүшелерінің жоғары деңгейдегі «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» тақырыптық пікірсайысы өтеді.

19 қаңтарда «Қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділік үлгісі ретінде Ауғанстан мен Орталық Азиядағы өңірлік әріптестікті құру» тақырыбында БҰҰ ҚК министрлер пікірсайысы болады. Оған Орталық Азия елдері және Ауғанстанның сыртқы істер министрлері, сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары қатысады деп жоспарланып отыр. 

Соңғы жаңалықтар