БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі: ОА елдері Қазақстанға жоғары баға берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Орталық Азия елдерінің сыртқы саяси ведомство басшылары Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағалық ету жұмыстарына жоғары баға берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нью-Йоркте БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысы қарсаңында «Қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділік үлгісі ретінде Ауғанстан мен Орталық Азияда аймақтық серіктестік құру» тақырыбында Орталық Азия - Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан сыртқы істер министрлерінің кезекті кездесуі өтті. Кездесуге Түрікменстанның атынан БҰҰ жанындағы Тұрақты өкіл қатысты.

Қазақстандық тарап 2017 жылы Қауіпсіздік кеңесінің құрамындағы жұмысына қолдау көрсеткендері үшін орталық-азиялық әріптестеріне алғыс айтты.

Аталған кездесуде Орталық Азиядағы ахуал бойынша жан-жақты пікір алмасып, өңірлік ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері қаралды.

Министрлер Орталық Азия елдерінің 2018 жылға сыртқы саяси іс-шараларының күнтізбесін талқылады.

Делегация басшылары аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселелер бойынша Орталық Азия елдері ұстанымдарының сәйкес келетінін атап өтті.

Жиында ОА елдерінің Ауғанстанмен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға деген ұмтылысы атап өтілді.

Кездесу соңында сындарлы диалог пен өзара тиімді ынтымақтастық негізінде аймақтық мәселелердің бірлескен шешімін әзірлеу бойынша бесжақты өзара әрекеттестікті жандандыру туралы келісімге қол жеткізілді.

Соңғы жаңалықтар