БҰҰ бұрынғы бас хатшысы Ақтөбедегі қорға қолдау көрсетеді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде «Ақтөбе-Северанс» қайырымдылық қоры құрылды. Қорға БҰҰ бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мун қолдау көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеге Оңтүстік Кореядағы Енсе университетінің «Северанс» госпиталі мен «Северанс KZ» халықаралық медициналық қорының делегациясы келді.

Делегация Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевпен кездесіп, бірлескен қор құруға шешім шығарды. Бұл қор жергілікті дәрігерлердің тәжірибе жинап, инновациялық әдістерді үйренуіне мүмкіндік береді.

Сонымен қатар шеберлік сабақтары өткізіліп, Корея дәрігерлері науқастарға кеңес береді, жедел медициналық көмек көрсетеді.

Ақтөбенің денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге бағытталған қорға БҰҰ бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мун қолдау көрсететін болды.

«Сіздер Батыс Қазақстандық медициналық кластерінің қалыптасуына үлкен үлес қосқан стратегиялық, халықаралық серіктес болдыңыздар. Сіздердің көмектеріңіздің арқасында облыстың ондаған дәрігері Кореяның жетекші емханаларынан тәжірибеден өтті, трансплантация бойынша жоғары кәсіби оталарды жасау басталып, ойдағыдай жүргізілуде. Енді біздің серіктестігіміз жаңа бағытта дамып келеді»,- деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Кездесу кезінде үшжақты меморандумға қол қойылды. Енсе университетінің құрметті ректоры, Енсе университетінің қоғамдық-әлеуметтік көмек халықаралық институтының директоры Пан Ги Мун арнайы сәлемхат жолдап, «Ақтөбе-Северанс» қайырымдылық қорын құру бастамасына қолдау көрсететінін жеткізген.

Соңғы жаңалықтар