БҰҰ БА жаңа төрағасы Қазақстанмен тығыз қарым-қатынаста болуға ниетті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - БҰҰ Бас Ассамблеясының жаңа төрағасы Мирослав Лайчак Қазақстанның халықаралық істердегі, әсіресе қарусыздану және жанжалдарды реттеу мәселелеріндегі сындарлы рөлін жоғары бағалады.

«Сириялық реттеудегі қауіпті жағдайды Астана процесі кәдімгідей құтқарып шықты», - деді М. Лайчак 19 қыркүйек күні Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановпен кездесу барысында.

ҚР СІМ-нен мәлім еткендей, словак саясаткері өзінің Бас Ассамблеядағы төрағалық етуінің үш басымдығы туралы айтты, олар - жанжалдардың алдын алу, көші-қон мәселелері және БҰҰ реформасында Бас хатшыны қолдау. Төраға БҰҰ күн тәртібіндегі барлық өзекті мәселелер бойынша Қазақстанмен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасауға әзірлігін білдірді.

Қ. Әбдірахманов Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 29 тамызда АЭХА Төмен байытылған уран банкінің ашылу рәсімі барысында жариялаған бастамалары туралы хабардар етті. Атап айтқанда, ядролық қару иеленуші елдердің саммитін шақыру, ядролық қарусыз өңірлерге кіретін барлық мемлекеттердің күш-жігерін біріктіру сөз болды. Министрдің айтуынша, Қазақстан ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитін жаңарту үдерісін бастап, оның отырысын Астанада өткізуге дайын.

Кездесу барысында БҰҰ-ның Алматыдағы халықаралық өңірлік хабын құрудың практикалық аспектілері талқыланды.

БҰҰ Бас Ассамблеясы 72-ші сессиясының аясында Қазақстан Сыртқы істер министрі БҰҰ Бас хатшысының Терроризмге қарсы күрес жөніндегі орынбасары Владимир Воронковпен және қарусыздану мәселелері жөніндегі орынбасары Исуми Накомитсумен кездесті.

Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде төрағалық етуге дайындық мән-мәтінінде Қ. Әбдірахманов Моңғолия, Біріккен Араб Әмірліктері, Мажарстан, Бурунди, Гамбия, Габон және Буркина-Фасо сыртқы істер министрлерімен де екіжақты кездесулер мен консультациялар өткізді.

 

Соңғы жаңалықтар