БҰҰ арнайы елшісі Астана процесінің 6-шы кездесуіне қатысады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Біріккен Ұлттар Ұйымының Сирия жөніндегі арнайы Елшісі Стаффан де Мистура Астана процесі аясында өтетін алтыншы кездесуге қатысады. Бұл жайында ҚазАқпарат  ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Дәл қазіргі уақытта, Астанада Сирия бойынша жоғары деңгейдегі алдағы халықаралық кездесуге кешенді дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келіссөздер басталмастан бір күн бұрын, 13 қыркүйекте кепілгер елдердің сарапшылары Астанада Бірлескен жұмыс тобының отырысын өткізеді. Ал 14-15 қыркүйекке барлық мүдделі тараптар арасындағы екіжақты және көпжақты кездесулер жоспарланып отыр», - делінген еліміздің Сыртқы істер министрлігі таратқан ақпаратта.

Ведомствоның атап өтуінше, Ресей Федерациясының делегациясын РФ Президентінің арнайы өкілі Александр Лаврентьев басшылық жасайтын болады. Байқаушы ел ретінде өзінің қатысатындығын АҚШ Мемлекеттік хатшысының Таяу Шығыс істері жөніндегі көмекшісінің міндетін атқарушы Дэвид Саттерфилд де қуаттап отыр. Мұнан бөлек, Сирия Үкіметінің делегация құрамы да белгілі. Оған Сирия Араб Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы тұрақты өкілі Башар Әл-Джаафари басшылық жасайтын болады.

«Астанада өтетін келіссөздер процесіне БҰҰ-ның Сирия жөніндегі арнайы елшісі Стаффан де Мистура бастаған БҰҰ делегациясы жәрдемін тигізетін болады. Қалған қатысушылар, оның ішінде сириялық қарулы оппозиция делегациясының құрамына қатысты ақпаратты күтіп отырмыз», - деді еліміздің сыртқы саясат ведомствосының баспасөз қызметінен.

Соңғы жаңалықтар