Бүркітшілер Астанадағы турнирге дайындалып жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 28-29 қазан күндері әйгілі құсбегі Күнтуған Тоқтыбайұлын еске алуға арналған бүркітшілердің Республикалық турнирі және Астана қаласының ашық біріншілігі елорда іргесіндегі Қоянды ауылының аумағында өтеді. 

ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен өткізілетін аталмыш турнир биылғы жылы үшінші мәрте ту көтермекші, деп хабарлайды ҚазАқпарат ulttyqsport.kz сайтына сілтеме жасап.

«Биылғы жыл басында бүркітшілеріміз наурызға дейін бірнеше республикалық сайыста бақ сынады. Еске салып өтсек, алдымен Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында құсбегілер ХІ рет ұйымдастырылған ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының жүлделерін сарапқа салды. Іле-шала Алматы облысында 9-11 ақпанда сол өңірдің атақты бүркітшілері Әбен Тоқтасынұлы мен Сейітжан Байжүнісұлын еске алуға арналған республикалық турнир,  одан соң 17-19 ақпанда Атырау өңірінде «Қансонар-2017», 21-23 ақпанда Ақтауда «Сонар-2017» атты саятшылардың республикалық жарыстары ұйымдастырылды. Бұл жарыстардың барлығы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жылдық күнтізбелік жоспарына сәйкес өткізілді»,-деп атап өтілген баспасөз қызметінің мәліметінде.

Күнтізбелік жоспарға сәйкес, ұйымдастырылатын бүркітшілердің биылғы жылғы  жалғасты бәсекелері қазан-желтоқсан айларына белгіленген. ҚР Спорт және денешынықтыру істері комитетіне қарасты ұлттық спорт басқармасының саятшылықтан бас жаттықтырушысы Базарбек Күнтуғанұлының айтуынша, 28-29 қазан күндері өтетін турнирде оннан астам облыстың бүркітшілері бақ сынамақшы.

Айта кетейік,  осы турнирден кейін де бірнеше бүркітшілер жарысын өткізу жоспарланып отыр. Солардың ішінде шоқтығы биігі, қараша айының соңында  ту көтеретін атақты бүркітші Мәсіп Батырханұлы атындағы бүркітшілер турнирі.

Соңғы жаңалықтар