Бурабайда салынатын ұлттық «Диснейлэнд» немесе өңірдің туристік әлеуеті қандай

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Щучье-Бурабай курорттық аймағына жыл сайын 1 миллионға жуық турист келеді, оның 30%-і шетелдіктер. «Қазақстанның Швейцариясы» атанған бұл аймақтың туристік әлеуетін таныстыру үшін Ақмола облысының Туризм басқармасы ұйымдастырған «Visit Aqmola» баспасөз турына «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі де қатысқан еді.

Курорттық аймаққа келісімен Бурабай көліндегі қысқы балық аулау фестиваліне кез болдық. Мұнда көршілес елдерден келген 2-85 жас аралығындағы балықшылар өзара бақ сынасты.

«Наурыз қарсаңында қысқы балық аулау фестивалін он жылдан бері ұйымдастырып келеміз. Себебі балық туризмі - адамдардың қыдырып келуіне ықпал ететін басты факторлардың бірі. Екіншіден, мұз ою жұмыстары ихтиофауна үшін өте пайдалы. Мұз ойықтарынан суға оттегі барады және балықтар тұншығып қалмайды. Үшіншіден, өзін бақытты сезіну үшін адамға көп нәрсенің қажеті жоқ. Көтеріңкі көңіл-күй, қызық думан және адамдармен қарым-қатынас керек», - дейді «Бурабай» мемлекеттік-ұлттық табиғи паркінің директоры Әліби Ғазиз.  

null 

null


null  

Бурабайда ел мақтанышына айналған, қысы-жазы туристер легі үзілмейтін Оқжетпес, Жұмбақтас, Абылай хан алаңы, Кенесары үңгірінен бөлек, жаңа қызықты нысандар да бой көтерген. Олардың бірі - Санта Клаустың резиденциясы саналатын «Қазақстандық Лапландия». Бұл Финляндиядағы Санта Клаус үйінің дәлме-дәл көшірмесі. Мұнда Санта Клауспен жүздесіп, көкейде жүрген барлық арман-тілектерді айта аласыз. Немесе жақындарыңыз бен достарыңызға хат жазып, Аяз ата поштасы арқылы жібере аласыз.

null 

«Қазақстандық Лапландия» аумағында Солтүстік халықтарының дәстүрлі үйі - яранга орналасқан. Онда келушілерге шамандардың әндері мен әдет-ғұрыптары көрсетіледі. Хаски иттері немесе бұғы жегілген шанамен, қарда жүретін көліктермен сырғанауға болады.

null 

Тағы бір айта кетерлігі, 1 мамыр күні «Қазақстандық Лапландия» аумағы реконструкцияға жабылады және жаздың басында жыл бойы жұмыс істейтін «Бурабай-лэнд» ойын-сауық паркі ретінде қайта ашылады. Жаңа жоба Қазақстанның ұлттық «Диснейлендіне» айналады.

«Бұл Диснейлэндтің қазақстандық баламасы болады және 2018 жылдың жазында келушілерді есігін айқара ашады. Әткеншектер мен цирк алаңдары балаларға да, ересектерге де өте қызық болады. «Лапландия» жобасындағы Санта Клаус резиденциясы мен шаман үйі, бұғылар мен хаскилер өзгеріссіз қалады, себебі оларға деген сұраныс өте жоғары», - деп түсіндірді «Бурабай даму» бірыңғай байланыс орталығының жетекшісі Азамат Баймұқанов.

null 

Сондай-ақ, А. Баймұқанов Щучье-Бурабай курорттық аймағына шетелдіктердің жиі келетінін атап өтті. Бір ғана ақпан айында мұнда Үндістан, Түркия, Өзбекстан, Таяу Шығыс, ТМД, Германия, Франция, Италия елдерінен қонақтар келген. Сондықтан да, жаз мезгілі басталғанда Бурабайда этно-турлар көбейеді.

null 

«Демалысқа келген турист қымыз, шұбат сынды ұлттық сусындардың қалай жасалатынын көре алады. Олардың дәмін көріп, емдік қасиеттері туралы ақпаратқа қанығады. «Абылай хан» алаңында 3D-музей ашылады. Келушілер көзілдірік арқылы халқымыздың мәдениетімен танысады», - деп өз сөзін толықтырды Азамат Баймұқанов.

Бурабай кентінде «Визит-орталық» та келушілерге ұмытылмас әсер сыйлайды. Ғимаратта курорттық аймақтың тарихы, өсімдіктері мен жануарлары, жалпы табиғаты туралы ақпарат беретін музейлер орналасқан. Одан бөлек, Абылай ханға және ресейлік академик, жаратылыстанушы Владимир Вернадскийге және Екінші дүниежүзілік соғыс пен Ауған соғысы ардагерлеріне арналған тақырыптық бұрыштар бар. Зообақта балалар жануарларды қолмен ұстап, тамақтандыра алады.

null 

Ұйымдастырушылар Щучье-Бурабай курорттық аймағында жазғы туризмге қарағанда, қысқы туризмнің арзанға түсетінін айтты.

«Жазғы уақытпен салыстырғанда қыс мезгіліндегі туристердің саны өте аз. Сол себепті, қысқы уақытта туристің Бурабайдағы бір күндік демалысы, таңғы асын қоса есептегенде 6-20 мың теңгеге айналуы мүмкін. Жазғы уақытта - бұл көрсеткіш 10 мың теңгеден асады. Жазғы уақытта жеке шатырмен де келуге болады. Ресейлік туристердің көпшілігі шатыр құрып, қонақ үйге ақшаны үнемдейді», - дейді Ақмола облысы туризм басқармасы жанындағы Туристік ақпараттық орталық басшысы Данияр Идиятов.

Д. Идятовтың айтуынша, өткен айда 2017-2020 жылдарға арналған Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспарының ІІІ кезеңі бекітілген. Жоспар аясында 61,3 млрд теңгеге 33 шара жүргізіледі. Атап айтқанда, Үлкен Шабақты көлінің жағасында аумағы 233 гектар болатын жаңа куорттық аймақ (қонақ үйлер, ойын-сауық нысандары, инженерлік желілер мен автожолдар) салынады. Бурабай кентінде аумағы 14 гектар болатын жаңа курорттық кешеннің құрылысы жоспарлануда. Онда тұрғын үйлер, жаяу жүргіншілер жолы, мешіт және автотұрақтар болады.

Сондай-ақ, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бірлесе жұмыс істеуімен, Бурабай кентінде тағы бір көпфункционалды кешен құрылысы жоспарланған. Мұнда конгресс-зал, кинотеатр, балаларға арналған ойын-сауық орталықтары салынбақ. Шортанды өзенінің жағасында, «Rixos»  қонақ үйі маңында 370 гектар болатын премиум-классқа арналған курорттық зона тұрғызылады.

 

Соңғы жаңалықтар