Бурабайда Елбасының қатысуымен өңірлерді дамыту және мембағдарламаларды іске асыруға арналған кеңес өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Бурабай кентінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен даму бағдарламаларының іске асырылуы және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне арналған кеңес өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеңеске Сенат төрағасы, Премьер-Министр және оның орынбасарлары, Президент Әкімшілігінің Басшысы және оның орынбасарлары, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың жетекшілері қатысты.

Отырыс барысында мемлекеттік даму бағдарламаларын іске асыру, рухани жаңғыру мәселелері талқыланып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы есептер тыңдалды.
null

Алғашқы сөз Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминге берілді. Ол «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», Индустриялық-инновациялық даму, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламаларының іске асырылу барысы туралы есеп берді.

Қазақстан Президенті Премьер-Министрдің бірінші орынбасарының баяндамасын тыңдап, Үкімет тарапынан мән беруді қажет ететін мемлекеттік бағдарламалардың жекелеген индикаторлары мен көрсеткіштеріне тоқталды.

- Соңғы 2 жыл бойы «Арнайы экономикалық аймақ аумағында тауарлар өндіру мен көрсетілетін қызметтер көлемі» көрсеткіші орындалмай отыр. «Нұрлы жер» бағдарламасы халыққа арзандатылған ипотекалық несие және құрылыс салушыларға жеңілдікпен несие беру мүмкіндіктерін қарастырады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
null 

Сонымен қатар, Елбасы шикізаттық емес экспорт және Индустрияландыру картасы аясындағы жобаларды іске асырумен байланысты мәселелерге Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбектің назарын аударды.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасын іске асыру мәселелері мен атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің тетіктеріне тоқталды.

Күн тәртібіндегі бұл мәселені талқылау аяқталған соң, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасының іске асырылуы туралы Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Мырзахметов баяндады.

Нұрсұлтан Назарбаев А.Мырзахметов келтірген мәліметтерді назарға алып, проблемалық агрохолдингтерге қатысты Үкіметтің қабылдап жатқан шаралары және егін ору жұмыстарына дайындық нәтижелері жөнінде сұрады.

Бұдан бөлек, кеңесте «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мәселесі бойынша Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Марат Тәжиннің және еліміздегі цифрландыру мәселесі бойынша Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың есептері тыңдалды.

null

Соңғы жаңалықтар