Бұл той бұрынғыдан өзгерек: Астананың 20 жылдығы қалай мерекеленеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астаналар шеруі: Астананың 20 жылдығы - әлемнің 20 астанасы» шарасы, «Notre Dame de Paris» мюзиклінің концерті, «Voice of Astana» халықаралық фестивалі мен ұлттық спортты ұлықтайтын «Ұлы дала рухы» фестивалі. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі елорданың 20 жылдығының шаралар легін бекітіп, жылдың ең айтулы мерейтойын атап өтуді жуырда бастап кетпек. Осыған орай, мерейтой аясында «ҚазАқпарат» ХАА оқырман қауымға елорданың 20 жылдығына арналып, жыл бойы өтетін басты шаралар туралы мәліметті ұсынады.

Астананың 20 жылдығына арналған шаралар легі жуықта ғана ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен бекітілген. Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мерейтойдың құрметіне республикалық және халықаралық деңгейде 80-ге жуық шара өткізу жоспарланып отыр.

Атап айтқанда, «Астаналар шеруі: Астананың 20 жылдығы - әлемнің 20 астанасы» атты Халықаралық мәдени имидждік жоба мерекелер шеруіне ерекше өң бермек. Жоба бойынша әлемнің атақты 20 астанасының (Париж, Берлин, Лондон, Токио, Сингапур, Бейжің және т.б) құттықтауы таныстырылады.

Мерейтой аясында «Астана Опера» театры Бейжің ұлттық опера театрымен бірге Джакомо Пуччинидің «Турандот» атты операсын дүйім жұртқа ұсынады.

«Астана Опера» театры  тартуымен бірге «Астана Мюзикл» театрының әлемге танымал «Notre Dame de Paris» мюзиклімен (Р.Коччанте, Л.Пламондон секілді авторларымен бірге) бірлескен қойылымы Астана халқы мен шаһар қонақтары үшін керемет сый болары сөзсіз.

Сонымен қатар, мерейтой барысында «Астана - менің бақытым» атты телевизиялық фильмнің таныстырылымы өтеді. Одан бөлек, отандық өнерпаздардың Вена опералық театры пен Мариин театры, Нью-Йорк Сити Балет, Ұлы Жібек Жолының Халықаралық симфониялық оркестрімен бірлескен концерттері өткізіледі.

Мерейтойға жасалған айтулы сыйлықтардың бірі - бірегей халықаралық төрт көрме болмақ. Атап айтқанда, Третьяков галереясының коллекциясы (Мәскеу қ.), «Ұлы Моғолдар. Тарих артефакттары» (Дели қ.), Францияның Ұлттық музейлерінің бірлескен жиыны - Гранд-Пале (Париж қ.), «100 оқулықтағы әлем тарихы» көрмелері (Лондон қ.) қала жұртшылығының назарына ұсынылады. Осы арқылы қазақстандықтар шетелге шықпай-ақ әлем тарихының ең бай жауһарларын тамашалай алады.

Сонымен бірге, Азия жұлдыздарының қатысуымен «Voice of Astana» халықаралық фестивалін, АҚШ, Польша, Нидерланды және Қытай елінің ең үздік балеттік труппаларының қатысуымен ұйымдастырылатын «Eurasian Dance Festival» балет өнерінің ІІ Халықаралық фестивалін, әлемнің дәрежедегі киножұлыздардың және Испания, Ресей, Франция, Италия елдерінің театрларының қатысуымен ІІ Бүкіләлемдік «Астана» театр фестивалін, заманауи этникалық музыка мен биді паш ететін «The Spirit of the Dance» фестивалін өткізу жоспарланған.

Елорданың мерейтойы аясында Астанада ойын-сауық фестивалі басталады. Қала тұрғындары мен меймандарына бірегей жоба - «Astana Azil Stars Fest» халықаралық фестивалі мен ІІ Халықаралық «Бауыржан Fest» ойын-сауық шарасы ұсынылады. Оған ТМД елдерінің ең танымал өнерпаздары қатыспақ.

Астананың 20 жылдығы ұранымен Қазақстанда әлемдік дәрежедегі шара - Халықаралық сәулетшілер конгресі өтеді. Абыройы аса жоғары диалогтық алаң әлемдік сарапшылардың басын қоспақ. Ұйымға қазіргі уақытта әлемнің 120 елінің сәулетшілері мүше екенін атап өту керек. Осынау шараның біздің елімізде өтуін Астананың әлемдік мегаполис екенін мойындауы деп тануға болады.

Спорттық бағытта мерейтой құрметі үшін халықаралық және республикалық айтулы шараларды өткізу көзделуде. Нақтырақ айтқанда, ұлттық спорт түрлері бойынша - «Ұлы дала рухы» атты фестиваль, Қазақ күресінен «Қазақстан барысы» мен «Әлем барысы» өтеді. Сондай-ақ, «Астана» спорттың марафоны ұйымдастырылып, «Бозоқ қазынасы» атты театрлық-спорттық бақ ашылады.

«Денис және оның достары» атты мұздағы шоу да биыл жоғары дәрежеде ұйымдастырылмақ.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің хабарлауынша, Астананың 20 жылдық мерейтойын атап өту рухани тұрғыда жаңғырудың, ұлттың бірегейлігін сақтаудың бір нышаны болары сөзсіз. Дәл осы жылы әлемдік дәрежедегі өнер ұжымдарының Астанаға ағылуы - мәдени тұрғыда Қазақстанның қашан да ашық екенін танытады. Министрлік шаралар демеушілердің көмегімен өткізілетінін хабарлайды.

Соңғы жаңалықтар