Бұл күні елдіктің, ынтымақ пен бірліктің әңгімесі айтылуы керек - Ерсұлтан Бектұрғанов, депутат

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін - Тұңғыш Президент күні. Осыған орай бұл күннің тарихи маңызы, Елбасының атқарып келе жатқан қызметі туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерсұлтан Бектұрғанов «ҚазАқпарат» тілшісіне былайша әңгімелеп берді.

- Әлемнің дамыған көптеген мемлекеттерінде осындай мерекелер бар. Солардың басым бөлігінде тәуелсіз елінің іргетасын қалап, жан-жақты қалыптастырған, халқы мен мемлекеті үшін аянбай еңбек еткен алғашқы Президенттеріне көрсетілген құрмет ретінде мейрам болып жарияланған. Ал біздің елде Заңға енгізілуіне 1991 жылы 1 желтоқсанда өткен жалпыхалықтық Президент сайлауы негіз болып отыр. Сонда бүкіл халқымыз түгелге жуық, яғни, дауыс берген азаматтардың 98,7 пайызы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты қолдап дауыс берген болатын. Ол тәуелсіздік алуымыздың қарсаңында болған елеулі оқиға еді. 1991 жылдың желтоқсаны тарихи кезеңнің тағдыршешті айына айналды. Сол жылы 10 желтоқсан күні Тұңғыш Президенттің қолға алған алғашқы ісінің бірі Қазақ КСР-і атауын Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы Заңға қол қойды. Ал 16 желтоқсан күні халқымыздың ғасырлар бойғы арманы орындалып, Қазақ елі өзін әлемге тәуелсіз мемлекет деп жариялады!  «Одан кейін не болды?» деп сұрайсыз ба? Одан кейін жас мемлекетімізді аяғынан тік тұрғызу, ішкі қаржылық дағдарысты еңсеру, тәуелсіздікті нығайту, шекарамызды бекіту, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын дұрыстап алу мақсатындағы қыруар жұмыстар басталып кетті. Барлық қиындықтарды ел мен халықтың бірлігі, ерен еңбегінің арқасында жеңіп шықтық. Осының бәрі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бастауымен іске асты.

Кейбір мемлекеттерде Президенттерінің атында оқу орындары, кітапханалар, әуежайлар бар. Тәуелсіз мемлекетіміздің негізін қалаушы ретінде біздің елімізде де Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілген кітапхана, әуежай, сондай-ақ Назарбаев университеті мен зияткерлік мектептері бар. Енді, міне, Алматыда Нұрсұлтан Назарбаевтың атында даңғыл да бар. Бұл өте орынды. Айта кетуім керек, халыққа рухани байлық сыйлайтын кітапханаларға және ғылым мен білім ордаларына Елбасының есімі берілуінде үлкен мән жатыр. Неге десеңіз, Президенттің аты берілген университетте дәріс алып жүрген әр студент өзі де жақсы оқуымен, алған тәрбиесімен лайықты болуы тиіс екенін ұғына біледі. Үлкен мақсаттарға қол жеткізуге талпынады.

- Ерсұлтан Өтеғұлұлы, Президенттің өмірі мен қызмет жолына тоқталғанда, оның қандай қасиеттерін үлгі ретінде айтар едіңіз?

- Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолымен танысқан жас ұрпақ өзіне қажетті қасиеттерді бойына жинайды деп ойлаймын. Жалпы, Нұрсұлтан Әбішұлының өмірбаянынан әрбір бала үлгі алуына болады. Ол балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарына тап келіп, халықтың көрген қасіреті мен қиындықтарын бала жүрегімен сезініп өскен, соғыстан кейінгі ауыр кезеңде де елді қалпына келтіру тұсындағы тұрғындардың ерен еңбегінің куәсі болған адам. Ал мектепте өте жақсы оқып, жастардың көшін бастаған. Өз арманы бойынша ұшқыштар даярлайтын оқуға түскенмен, ата-аналары жібермеген соң, кейін Теміртау қаласына барып, металлург болып, ауыр жұмыста аянбай тер төгіп, еңбек майданында шыңдалады. Ол қай істе де үлгі алатын азамат ретінде танылған. Жастардың жетекшісі болып, кейін партия қызметіне ауысып, мемлекеттік жауапты лауазымдарды атқарғанын жақсы білеміз.

Жалпы, біздің Елбасымыз туралы әдеби туындылар, мақалалар, кітаптар шығып жатыр. Солардың ішінде британдық саясаткер, жазушы Джонатан Айткеннің жазған кітабы дүние жүзіне тарады. Нұрсұлтан Әбішұлы туралы оқу арқылы әлем оқырмандары Қазақ елін де жақсы тани бастады. Сонда Елбасының жас жұмысшы ретінде Теміртауда қалай еңбек еткенін, алғашқы жылдардағы қиындықтарды жеңе білгенін шеберлікпен және шынайы жазған. Содан да болар, біздің Президент еңбек мәселесін бәрінен жоғары қояды. Қандай табыстарға да тек күш-қайрат, ерен еңбектің арқасында қол жеткізуге болатынын дәлелдеп келеді. Мемлекет басшысының еңбекқорлығына, қайратына кейде таңғаласың. Мысалы, ұшақпен жылына қанша мың километр ұшады? Мемлекеттік және ресми іссапарларға шығады. Шетелде өтетін және өзімізде болып жатқан халықаралық форумдарға, іс-шараларға, конференцияларға қатысып, баяндама жасайды. Әр күні бірнеше маңызды кездесулер өткізеді, құжаттарды қарайды, заңдармен, Жарлықтармен танысып, оларға қол қояды. Өзінің баяндамаларын оқығанда, көбіне қағазға қарамайды. Көптеген деректерді, қаржы мен бюджетке қатысты экономикалық көрсеткіштерді жатқа айтатыны, шынымен де, таңғалдырады. Халыққа да, жастарға да салауатты өмір салтын ұстануды және мүмкіндігінше спортты серік ету қажеттігін үнемі айтып келеді. Өзі де жас кезінде спортпен айналысқан адам. Күреспен шұғылданған. Кейін үлкен теннис, тау шаңғысын тебу, гольф ойнау сияқты спорттың жаңа түрлерін де меңгеріп алғанын жақсы білеміз. Мұның бәрі - өскелең ұрпаққа өнеге.

- Елбасына айрықша құрмет көрсетілуін, бір күннің арнайы Заңмен белгіленуін түсіндіріп өтсеңіз? 

- Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнінің Заңмен белгіленуі өте орынды деп есептеймін. Себебі Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан мен оның халқы үшін жасаған өлшеусіз еңбегі қандай құрметке де лайықты. Елді басқару, Президент ретінде қызмет етуден бөлек, Нұрсұлтан Әбішұлының іске асырған ғаламат жобалары, әлемдік қолдауға ие болған жаһандық бастамалары өте көп. Айталық, адамзат баласына ажалдың уын сеуіп келген Семей сынақ полигонын жабу туралы тарихи шешімін дүние жүзі мойындап отыр. 1990 жылдардың басында КСРО тарап, өндіріс орындары тоқтап, қаржылық дағдарысқа ұшыраған жас тәуелсіз елін ешқандай ұрыс-керіске, ұлтаралық қақтығыстар мен дау-жанжалға ұрындырмай, қиындықтан алып шыға білгенінің өзі үлкен ерлік деп білемін.

Тағы бір мәселе бар. Тағдырдың жазуымен аумалы-төкпелі замандарда шетелге көшуге мәжбүр болған немесе сол елде бұрыннан тұрып жатқан қазақтар қаншама?! Еліміз тәуелсіздігін алған бойда Президент өзі үндеу тастап, шетелдегі қандастарымызды атажұртқа оралуға шақырды. Бүгінгі таңда өз Отанына оралып, осы жерге сіңіп кеткен қазақтардың саны 1 миллионнан асты. Осы орайда Н.Ә.Назарбаевтың көші-қон саясаты айрықша атап өтуге тұрады.

Біздің Президенттің тікелей тапсырмасымен аса құпия жағдайда өз валютамыз дайындалып, 1993 жылы 15 қараша күні Қазақстанның төл теңгесі айналымға енді.

1995 жылы 1 наурыз күні Елбасы өзінің Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Бұл әлемде баламасы жоқ, ұлтаралық келісімді сақтаудың, халықтар ынтымағын нығайтудың бірегей институты болып табылады.

Сонымен қатар 1994 жылы 6 шілдеде Жоғарғы Кеңестің отырысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елдің орталығын Алматыдан Сарыарқа төріне көшіру туралы ұсынысын жария етті. Бұл да тарихи шешім болды. Соның нәтижесінде 1997 жылы 10 желтоқсаннан бастап Ақмола еліміздің астанасы мәртебесін иеленді. Бұл қала Мемлекет басшысының Жарлығымен 1998 жылы 6 мамырдан бастап Астана деген тамаша атауға ие болғанын бәрі де біледі. Бүгінгі таңда Астана әлемге танылған, саяси-экономикалық, мәдени және халықаралық маңызы зор орталыққа айналды. Жаңа Елордамыз өзінің келбетімен, ұстанған бейбітшілік мақсатымен дүние жүзіндегі әйгілі астаналардың бірі болып отыр.

- Тағы қандай мәселелерді атап айтар едіңіз?

- Мемлекет ісін жүргізуде бізге өте білімді, іскер жастардың қажет екені анық. Соған орай Елбасы бастамасымен «Болашақ» халықаралық бағдарламасы қолға алынды. Осы уақыт кезеңінде аталған бағдарлама бойынша 12 мыңнан астам жастарымыз шетелдің ең озық университеттерінде оқып, заман талаптарына жауап бере алатын мамандықтар алып келді. 

Елбасымыздың бірден қолға алған ең маңызды ісінің бірі - Қазақстанның өзге елдермен арадағы мемлекеттік шекарасын айқындап алуы. Мемлекеттік шекараны бекітуіміз - тарихи мәні зор табыс, тәуелсіздігіміздің басты шарттарының бірі. Заман да, қоғам да құбылып, өзгеріп жатқан кезде іргемізді бекітпей, жайбарақат отыруға болмайтынын өмірдің өзі көрсетіп отыр.  Осыны ерте аңғара білген Мемлекет басшысы Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан сияқты көршілес елдермен мемлекеттік шекарасын нақты анықтап, заңмен бекітіп алды. Ешбір елмен даулы мәселе жоқ. Бұл - үлкен жетістік.

Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні - жалпыхалықтық мереке. Бұл күні елдіктің, ынтымақтың, бірліктің, ортақ мүдденің әңгімесі айтылуы тиіс. Шаттықтың әні шырқалып, бейбіт күннің күмбірлеген күйі орындалуы керек. Өйткені бұл - жетістігіміздің мейрамы. Тәуелсіз ел болып, біртұтас халық болып қуанатын күніміз.

Халқын алға бастаған Елбасына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз. Тәуелсіз Қазақ елін әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосу жолындағы мақсаты орындалып, Отанымызға сіңіріп келе жатқан ерен еңбегі жалғасын тауып, халқымыздың алғысына бөлене беруіне тілектеспін.

Соңғы жаңалықтар