Бұқар жыраудың 350 жылдығына дайындық басталды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында атақты ойшыл Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығына арналған мерекелік шараларға дайындық басталды, деп хабарлайды өңір әкімдігінің ресми сайты.

Бұқар жырау ауданының әкімі Шағурашид Мамалинов мерейтойды ұйымдастыру бойынша үшінші отырыс ұйымдастырды. 

Отырысқа «Бұқар жырау Қалқаманұлы» атындағы қоғамдық қордың және ауданның ардагерлер ұйымының төрағасы Төкен Арбабаев қатысты. Аудандық бөлімдердің жетекшілері мерекелік шараға дайындық барысы туралы баяндады. 

Мерейтойлық логотиптің үш нұсқасы ұсынылды. Олардың арасынан комиссия мүшелері өнер танушы, Ботақара кентінің балалар өнер мектебінде ұстаз болып қызмет атқаратын Амантай Әкішевтің жұмысын таңдады. Негізге алынған логотипте Бұқар жыраудың портреті, «Рухани жаңғыру» эмблемасы, сондай-ақ Тәуке ханның ел билеу кезеңінде Қазақ хандығында қабылданған «Жеті жарғыдағы» заң жиынтықтарын білдіретін жеті белгі бейнеленген. 

«Мерекелік шараны атап өту 18 тамызда өтеді деп жоспарланып отыр. Отырыс барысында шараны 17 тамызда Бұқар жырау мавзолейінде бастау ұсынысы құпталды», - деп мәлімдеді Бұқар жырау ауданы әкімінің баспасөз қызметі. 
Комиссия ипподромның, киіз үйлер қалашығының және сахнаның орналасу жерін талқылады. Бұқар жырау туралы 20 минуттық фильм мен «Saryarqa» облыстық телеарнасының эфирінде көрсетілетін қысқа метражды бейнероликтер түсіру жоспарланып отыр.

Ботақара әкімінің орынбасары Алмас Аяпбергенов кентті абаттандыру бойынша есеп берді. 

- Бұқар жыраудың мерейтойы - ол біздің аудан үшін өте маңызды шара. Дайындықты халықпен келісе отырып жүргізген жөн, - деп атап өтті аудан басшысы. 

Соңғы жаңалықтар