Бүгінгі баланың тілі неге кеш шығады - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай өзекті мәселелерді көтерді? «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей оқырман назарына еліміз өңірлеріндегі баспасөзге шолуды ұсынады.

*  *  *

Үйіңізде ұлттық киім бар ма? - «Сыр бойы» газеті

null 

«Сыр бойы» газеті соңғы жылдары қайта жаңғырып келе жатқан ұлттық киімдер туралы мақала жариялапты. Онда соңғы уақытта нарықта жаңа стильдегі ұлттық нақыштағы киімдерге сұраныс артқанын, той, жиындар, кездесулер мен жұмыс орындарында ұлттық киім салтанатқа айнала бастағанын жазады. Ең бастысы халықтың ұлттық нақыштағы киімдерге деген сұранысы соңғы жылдары оянып келе жатыр. Тігіншілер де түрлі стильдермен әуес. Алайда мақаланың өзегі ұлттық киімдердің бағасына келіп тіреледі. «Дизайнерлер бұл киімдерге бағалы маталарды қолданады. Оған ою-өрнектер, түрлі әшекей тастармен көмкеріледі. Бұл еңбекке уақыт көп кетеді. Сондықтан бағасы қымбат. Оны кез келген жанның қалтасы көтере бермейтіні анық. Осы ретте ұлттық құндылықтарымызды насихаттау үшін жалпыға бірдей қолжетімді ету жолын қарастыру қажет секілді» деп пайымдайды автор.

Мақала түйіні Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен ұштастырылады. «Расында, біздің ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді, салт-дәстүрімізді айқындайтын басты құндылығымызды ол қазақша киімнен де аңғаруға болады...Жыры бітпеген жыртық шалбарды кигеннен жарасымды қазақша киімдерімізді киіп, жандандырсақ құба-құп болар еді», - деп жазады "Сыр бойы" газеті.

 

Бүгінгі баланың тілі неге кеш шығады? - «Шымкент келбеті» газеті

null 

«Шымкент келбеті» газетінде жарияланған мақалада журналист қазақ балаларының тілі кеш шығып жатқанына терең үңіліп, мәселенің мәнісін тарқата суреттейді. Өткен ғасырдағы Янушкевичтің: «Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалар шешен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі», - деп таңдана жазғанын көлденең тартқан автор «Қазіргі балалардың тілі неге кеш шығады?» деген сауалға жауапты бірнеше бағыттан іздейді. Соның бірі «бөтелкелі» бала. Жазуынша, «қазір көп ата-ана баласының тағамын блендерден өткізіп бергенді ұнатады да, балалар 3-5 жасқа дейін ұсақталған, үгітілген ас ішеді. Ал кезінде ата-әжелеріміз «тісің сынсын» деп өзінен қалған жілік, сүйектің қалдығын бала-шағаға тастайтын еді. Ондағы ойы - бала шайнап үйренсін, тісі қатайсын дегені. Қазір жілік мүжімек түгіл ет шайнаудың өзі шет құбылыс болып тұрғандай». Бұған да маманның кеңесі бар: балаға бөтелкеден тамақ беруді таңдау кезінде оның жас ерекшелігін есепке алыңыз.

null null 

«Бала тіліне» қатысты журналистік зерттеу барысында кері әсер беретін бірқатар себеп-салдар тізіледі. Маман пікіріне де жүгінеді. «...Елімізде «үнсіз ұрпақ» дүниеге келді. Бұдан басқа қазаққа пайдасынан гөрі зияны көп сыртқы факторлар сан алуан. Бірақ, біздің өз еркімізде. Бұл күнде мәңгілік елдің мәңгілік ұрпақтары өзіміздің мақсат-мұратымызды жақсы білсек керек. Ендеше әрқайсымыз баламыздың тіліне аса сақтықпен қарауға тиіспіз», - деп түйіндейді автор.

null 

Қасқырды күрекпен ұрып алды - «Не хабар?!» газеті

null 

Газеттің жазуына қарағанда, оқиға Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Жаңадария ауылында болғанға ұқсайды. Ауыл тұрғыны Әлтай Арапбаев өзінің мал қорасында  қасқыр соғып алған. Түннің ортасында мал қорада байлаулы тұрған мініс аттың тұмсығынан жабысқан тажал Әлекеңді көрсе де қашпаған. Әдепкіде оны ит екен деп жалаң қолмен ұмтылған Әлтай жақындағанда ғана қасқыр екенін біліп, жан-жағын қарманып қару іздей бастайды. Түн қараңғысында түртінектеп жүрген оның қолына әскери күрек ілінеді. Ойланып тұратын уақыт жоқ, күректің жұмыр сабын сығымдап ұстап, қара тұмсықты ала құлаштап ұрғанда аттың алқымынан алған тажал бір арс етіп, жерге құлайды.  «Жарты сағаттай арпалысып әзер алдым. Арлан екен. Қаншама ауыл иттерінен сескенбей ауыл орталығындағы менің қорама түскеніне қарағанда әбден ашыққан болуы керек. Ал, ашыққан қасқыр адамға да қауіп төндіреді. Биыл қасқыр көп, алдын алмаса болмайды», - дейді Әлтай Арапбаев.

Бұрымы 1,5 метрден асатын бойжеткен - «Дидар» газеті

null 

Өскемендік Лаура Аипованы көшеден, қоғамдық көліктен, басқа да жерлерден көріп қалған жандар бірден бойжеткеннің бұрымына көз тастайтын көрінеді.  Лаураның сүмбіл шашына таңданбаған, көзі түспеген жан кемде-кем. Кейде аялдаманың өзінде оның теріс қарап тұрғанын пайдаланып, ұялы телефонға «сыртылдатып» суретке түсіріп алып жататындар да көп екен. «Лаураның бұрымының ұзындығы қазір 1,5 метрден асыпты. Жерге жетуге аз-ақ қалған оның ерекше бұрымын анадайдан байқаған ақ жаулықты апа көшеде кетіп бара жатқан жерінен тоқтай қалып, қолын жайып, ақ батасын беріпті» деп жазады Дидар газеті.

  

Жібекті түте алмаған... - «Оңтүстік Қазақстан» газеті

 «Оңтүстiк Қазақстан» газетінде қазақтың «Жібекті түте алмаған жүн қылады, қатынды күте алмаған күң қылады» деген мақалына қатысты мәселелер сарапқа салыныпты. Журналист бұл ретте «нелер қымбатты, асыл дүниенi ұқсата алмай рәсуа ететiнiмiз рас-ау...» дей келе біраз жайтқа мысал келтіре отырып, оқырманның назарын бұрады. Ең қызығы осындай асыл дүниенің қатарына Елбасының рухани жаңғыру туралы бастамасын жатқызған автор бүгінгі жағдайды дөп басқандай «тайсақтамай турасын айтайық, тағы да науқаншылдыққа айналдырып бара жатырмыз...» деп мәселені төтесінен қойыпты. Айта кетерлігі, осындай науқаншылдыққа қарсы облыс әкімі Жансейіт Түймебаев та басшылардың есебін тыңдау барысында ескерту жасаған екен. «Әкiм «Кезiнде коммунистiк партияның съездерiн көрiп өстiк қой. Ұраншылдық, науқаншылдық, көзбояушылық... Бiз бiртiндеп рухани жаңғыруды да сондайға ұластырып бара жатқандаймыз. Мiнбеге шығып алып жаттанды, жадағай, жалпылама сөздермен сартылдатып баяндама жасайтын басшылар көбейiп барады. Солардың көбi Елбасының мақаласын толық оқымаған, мәнiн түсiнбейтiн секiлдi. Рухани жаңғыру дегенiмiз ұлтымыздың тарих сахнасында қалу, қалмауын белгiлейтiн мәселе. Оған қатысты жиындарды баяғы компартия съездерiне ұқсатып жалаң ұрандармен өткiзуге болмайды» деп түйiндедi».

Газеттің жазуынша, күніне редакцияға «Рухани жаңғыруға орай» деген айдармен 15-20 хат келсе, сол басқосулардың көпшілігі көпірме сөз болып шығады екен. «Әуелi жас әншiлердiң концертiн рухани жаңғырумен байланыстырғанда күлдiк те қойдық. Алпыс жылдан берi өтiп келе жатқан «Алтын күз» мерекесiн Елбасының мақаласына «орайластырғанда» түсiнбей қалдық. Атасына ас бергендер сол әрекетi арқылы «елдiң рухани жаңғыруына үлес қосқанын» мақтанышпен айтқанда кiжiнiп тұрдық. Мектептегi педкеңестер мен балабақшадағы таңертеңгiлiктер рухани жаңғыруға телiнгенде дал болдық. Қазiр ендi қандай «реакция» көрсетерiмiздi де бiлмей қалдық. Өйткенi, студенттердiң волейбол лигасы мен оқушылардың спартакиадасы, бiр мекеменiң бiрдеңе жылдығына арналып өткiзiлген футбол жарысы, тiптi, белсендi жастардың флешмобтары да рухани жаңғыруға қосақталатын болды. Сонда Елбасы осы мақаласын жарияламағанда бұл ел егiн егiп, мал бағуды, концерт көрiп, би билеудi қоятын ба едi?! Әлде оған дейiн ешкiм футбол мен волейбол ойнамай келген бе екен?!», - деп түйіндейді газет.

 

Жалған мұғалімдер ұсталды - «Қостанай таңы» газеті

null 

Рудныйдағы төрт мектепте 7 бастауыш сынып мұғалімі бірнеше жыл бойы жалған дипломмен бала оқытып келген. Олар еңбекке баулу, дене шынықтыру, орыс және ағылшын тілі пәндерінен арнайы білімсіз сабақ берген. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеп, «Қостанай таңы» газеті жазады. «2008 жылдан бастап 2016 жылға дейін аталған мұғалімдер Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтын бітіргендігі туралы жалған дипломдардың негізінде жұмысқа орналасқан. Бюджеттік ұйым қызметкерлерінің заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде 6 млн теңгеге жуық сомадағы жалақы негізсіз төленген. Оның 1,5 млн теңгесі мемлекет бюджетіне қайтарылды», - делінеді хабарламада.

 

Орфографиялық сөздік құрастыру қажет - «Орталық Қазақстан» газеті

«Орталық Қазақстан» газетінде латын графикасы негізіндегі қазақ жазуына байланысты маман пікірі жарияланған. Бұл ретте Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филилогия ғылымының докторы Шара Мажитаева қазақ жазуын латын әліпбиі негізіне ауыстыру әбден пісіп жетілген қазақ тілінің дамуына қажетті мәселе екенін алға тартады. «Әрине, әліпбиді ауыстырғанда қаражат шығатыны анық. Бірақ «...шығын шықпай, кіресе кірмейді» демекші, әліпбиді ауыстыру - заман талабы», - дейді ол. Оның пікірінше, латын әліпбиі мәселесінде «көш жүре түзеледі» деген принцп ұстанған ләзім. «Көз қорқақ, қол батыр» демекші, жаңа жоба бойынша ел сауатын тез  ашады деген сенімдеміз.  Жер-жерде жаңа әліпбиді үйрететін курстар ашылып, енді қазақ тілі мұғалімдерін дайындай беру қажет. Біздіңше, ендігі іс мамандарға жүктелуі тиіс. Олар қазақ тілінің емле жобасын жасап, орфографиялық сөздік құрастыруды қолға алғандары дұрыс», - дейді ол.

 

Соңғы жаңалықтар