Бүгін радио ардагері, қарымды журналист Әмір Өмірбековті соңғы сапарға шығарып салу рәсімі өтті

None
None
АЛМАТЫ. 12 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Қазақ радиосының ғимаратында радио ардагері, қарымды журналист Әмір Жаппарұлы Өмірбековті ақтық сапарға шығарып салуға байланысты қаралы жиын өтті.

Қоштасуға Әмір Өмірбековтің  туған-туыстары мен үзеңгілес достары, әріптестері мен қызметтес болған жолдастары, белгілі журналистер мен жазушылар қатысты.

Қаралы жиында қаламгер туралы терең толғаныспен тебірене сөйлеген Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы Нұрлан Оразалин: "Дүниеден жаны, жүрегі таза, оқиғаның қайнаған ортасынан табылып, рухани кеңістігімізде болып жатқан өзгерістерге өзгеше өріс бітіріп жүретін қаламы, ойы жүйрік Әмір бауырымыз өтті. Ол айтулы ақын Жаппар Өмірбековтің көзінің ағы мен қарасындай перзенттерінің бірі болатын. Әмірмен талай рет хабар жүргізетін кезде мұрындық болып жүрдік. Айтып келмейтін ажал «елім», «халқым» деген қазақ эфирінің үлкен өкілін алып кетті. Біз Әмірді әлі іздейміз, сағынамыз. Әмірдің соңында қалған Қазақ радиосындағы дауысы бар. Алла ісіне шара жоқ. Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын дейміз. Иманы саламат болсын",-деді.

«Қазақстан» РТРК АҚ басқарма төрағасы Нұржан Мұхамеджанова: "Қадірлі қауым! Бүгін әріптесіміз, бірімізге аға, бірімізге іні, бірімізге бауыр Әмір Жаппарұлы Өмірбековті ақтық сапарға шығарып салу үшін жиналып отырмыз. Ажал айтып келмейді. Өткен сенбі күні ғана корпорация айналасында сенбілік өткізіп, ағаш егіп, «Осы корпорацияның гүлденуіне бір кісідей атсалысамыз» деп күліп-ойнап ортамызда жүріп еді. Алдағы сенбіні амал нешік, Әмірсіз қарсы аламыз.  Әмір өмірінің 37 жылын Қазақ радиосының қызметіне арнады. Қазақстанның 20 жылдығы десек, сол 20 жылда жазылған радио жылнамасында қолтаңбасы бедерленді. Ендеше, Әмірді Алла Тағала алдынан жарылқасын, жаны жәннатта болсын дейміз",-деп көңілін қаралы митингке жиналған барша қауымға білдірді. 

"Мен Әмірді 7-8 жылдан бері білемін. Әмір орыс тілді журналист болды. Қазақ радиосында қызметте жүріп көптеген хабарлар жасады. Таспада қатталған рухани дүниелері өте көп. Ол тек Қазақ радиосы емес, телеарнамызға да көмегін тигізді. Әмір осы саналы ғұмырын ұлтына арнаған жан. Белгілі азамат Әмір Өмірбековті соңында қалған ел-жұрты жүрегінде мәңгілік сақтайды", -деді әріптесі, Қазақ радиосының қызметкері Сайлаубай Тойлыбаев.

Соңғы жаңалықтар