Бүгін - Нұрсұлтан Назарбаев Тұңғыш Президент ретінде ант қабылдаған күн

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 1991 жылдың 10 желтоқсанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын өзгерту туралы» Заң қабылдады. Аталған құжатқа сәйкес  жаңа құрылған тәуелсіз мемлекет Қазақстан Республикасы деп аталды. Дәл осы күні содан оншақты күн бұрын ғана өткен сайлауда халықтың 98,8 пайыз дауысына ие болған Нұрсұлтан Назарбаевты Мемлекет басшысы ретінде ұлықтау рәсімі өтті.

Салтанатты шара сол кездегі еліміздің елордасы Алматы қаласындағы Республика сарайында ұйымдастырылды. Қазақстан Президенті ант беретін мінбенің астына ешкімнің аяғы тимеген, ешкім баспаған ақ кілем төселді. Мемлекет басшысының иығына шапан жабылды. Сол тұста жасы 90-нан асқан халық ақыны Шәкір Әбенов бата беріп, халқымыздың көрнекті қаламгері, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев тілек айтты.

Елбасы ант берген соң 20 дүркін отшашу болып, Республика сарайының түбінде ақсарбас шалынды.

Осы ретте Қазақстан Президентінің тұңғыш ұлықтау рәсімін көрнекті қоғам қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдасбековтің ұйымдастырғандығын атап өткен жөн. Ол дәл сол күнгі шараның қалай ұйымдастырып, қалай өткендігін, қандай тосын жайттар орын алғандығын  Болат Бодаубайдың сыр-сұхбатқа құрылған «Таңғаламын өмірдің ғажабына» атты романында кеңінен баяндап берген еді.

«Инаугурация рәсімі аяқталып келе жатты. Бәрі де жиналған жұрттың көкейінен шыққандай болды. Сөйтіп тұрғанда... сол сәтті есіме алсам, әлі де жүрегім атқақтап соға жөнеледі. Иә, сөйтіп тұрғанда сахна төрінде Мемлекеттік тудың құлап кеткені. Көз алдымда қисайып бара жатыр... Кенет, о құдірет, әлгі құлап бара жатқан Туды Президент бір қолымен қағып алғаны!.. Ту сыртында тұрған Тудың құлап бара жатқанын қалай көріп қалғаны, соны қалай ұстап үлгергені таң қаларлық. Ал енді осы жай адамның ісі ме? Жоқ, бұл жай адамның ісі емес. Сол оқиғаның символдық мәні бар сияқты болады да тұрады маған. Нұрсұлтан Назарбаев шынында да, қазақтың жығыла жаздаған туын қайта тіккен азамат. Сөз реті келіп тұрғанда айтып қалайын, салтанатты рәсім біткеннен кейін «Мыналарың не, дұрыстап қарамайсыңдар ма?» деп бір ауыз сөзге бармады. Соңыра анықтадық, сахна шымылдығын жабатын тұста жылдамдық артық қойылыпты да, ауыр шымылдықтың самал лебі тутұғырды қозғап жіберген екен», - деп еске алады қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков сол романда.

Соңғы жаңалықтар