Бүгін мүмкіндігі шектеулі жандар Ұлттық музейге тегін кіреді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Ұлттық музейі Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай әлеуметтік жоба аясында және өткен мүгедектер күніне байланысты (қазан айының екінші жексенбісі) мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап ақысыз экскурсия өткізеді. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің сайты хабарлады.

Аталған акцияның мақсаты - мүмкіндігі шектеулі жандарға  да еліміздің тарихы мен мәдениетін көріп тамашалауға  жағдай жасау. Шара барысында қонақтарға музей залдары бойынша арнайы экскурсия жүргізіледі.

Сонымен қатар,  «Нұр Отан» партиясының Астана қаласы бойынша филиалы мен Цеснабанк АҚ филиалы ҚР Ұлттық музейіне мүгедектерге арналған арбалар табыстайды.

Еске сала кетсек, Ұлттық музей Астана залы, Тәуелсіз Қазақстан залы, Алтын залы, Этнография залы, Заманауи өнер залы, Тарих залы сынды арнайы тақырыптық залдардан тұрады.

Музей жанында ұлттық құндылықтарымызды зерттеп-зерделеуге бағытталған «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты жұмыс істейді. Сонымен қатар музейде балалар шығармашылығын дамытуға арналған орталық, қор сақтау орындары, қайта қалпына келтіру шеберханалары, зертхана, ғылыми кітапхана, конференц залдар мен кәдесый дүкендері бар. 

Соңғы жаңалықтар