Бүгін Елбасы Жолдауы жарияланады

None
None
;АСТАНА. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін, қаңтардың 29-ында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын жариялайды. Дәстүрлі Жолдау елдегі жағдай мен ішкі және сыртқы саясатымыздың негізгі бағыттарына арналады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Естеріңізге сала кетейік, Елбасының былтырғы наурыздың 6-сында жариялаған Жолдауы «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға!» деп аталып, онда жаһандық дағдарыспен күреске бағытталған шаралар, елімізді қаржылық-экономикалық күйзелістен алып шығудың негізгі бағыттары, сондай-ақ бұдан кейінгі, яғни мемлекеттің дағдарыстан кейінгі дамуын қамтамасыз етудің жаңа міндеттері қамтылған болатын. «Өкінішке қарай, қиын сынақтар мен дағдарыс қысымының салмағы әлсіремей тұр. Мұны сіздер де білуге тиіссіздер. Бірақ та мынаған сенімді болуға тиіссіздер, біз бұл сынақтарға дайын ғана емеспіз. Біз оларды еңсереміз және осы дағдарыстан әлдеқайда күшті және өркенді мемлекет болып шығамыз. Біз әлемдік қауымдастықтағы өз ұстанымымызды сақтаймыз», деген болатын былтырғы Жолдауында Мемлекет басшысы. Сонымен бірге, Елбасы Жолдау барысында Үкіметке дағдарысқа қарсы шараларды тиімді іске асыру жолдарын, әлеуметтік қолдауларды толық жүзеге асыруды, соның ішінде жұмыспен қамтуды басым міндет ретінде белгілеген еді. Нәтижесінде Үкіметтің «Жол картасы» әзірленіп, бұл бағдарлама өзінің тиімділігін танытты.

Естеріңізге сала кетейік, Елбасының алғашқы Жолдауы 1996 жылдың қазан айында жарияланып, ол Жолдау «Елдегі жағдай мен 1997 жылға арналған ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары туралы» деген тақырыпты қамтыған болатын. Президенттің жұртшылыққа кеңінен танымал бағдарламасы - 1997 жылдың қазан айының 10-ында жарияланған «Қазақстан-2030» Жолдауы.

Мемлекет басшысының одан кейінгі жылдардағы Жолдауларында «Қазақстан-2030» Стратегиялық бағдарламасы негізгі бағыт ретінде алынып, оны жүзеге асырудың түрлі қағидаларына назар аударылып, еліміздің жүріп өткен жолдарына терең талдаулар жасалып, болашаққа қарай маңызды стратегиялық міндеттер қойылды.

- Елбасының 1998 жылғы қыркүйектің 30-ындағы Жолдауы: «Елдегі жағдай мен ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары туралы: Қоғамды демократияландыру, жаңа ғасырдағы экономикалық және саяси реформа»;

- 1999 жылғы желтоқсанның 15-індегі Жолдауы - «Елдің жаңа ғасырдағы тұрақтылығы мен қауіпсіздігі»;

- 2000 жылғы қазанның 24-індегі Жолдауы - «Еркін, тиімді және қауіпсіз қоғамға қадам»;

- 2001 жылғы қыркүйектің 3-індегі Жолдауы - «Елдегі жағдай және 2002 жылға ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары туралы»;

- 2002 жылғы сәуірдің 29-ындағы Жолдауы - «Ішкі және сыртқы саясаттың 2003 жылға негізгі бағыттары туралы»;

- 2003 жылғы сәуірдің 4-індегі Жолдауы - «Ішкі және сыртқы саясаттың 2004 жылға негізгі бағыттары»;

- 2004 жылғы ақпанның 19-ындағы Жолдауы - «Бәсекеге қабілетті Қазақстан, бәсекеге қабілетті экономика, бәсекеге қабілетті ұлт» деп аталды;

- 2005 жылғы ақпанның 18-індегі Жолдаудың тақырыбы - «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» болды;

- 2006 жылғы наурыздың 1-індегі Жолдау - «Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында! Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы» ретінде жарияланды;

- 2007 жылы Жолдау «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан!» - Қазақстанды жан-жақты жаңартудың жаңа кезеңіндегі басты басымдықтары мен ішкі және сыртқы саясаттың аса маңызды 30 бағытын қамтыды.

- 2008 жылғы ақпанның 6-сындағы Елбасының Жолдауы «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру - мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» деп аталды.

Соңғы жаңалықтар