Бүгін - Алаш арысы Міржақып Дулатұлы дүниеге келген күн

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 1885 жылы 25 қарашада бұрынғы Торғай уезі Сарықопа облысының бірінші ауылында Алаштың ақ семсер арыстарының бірі Міржақып Дулатұлы дүниеге келді.

Тағдырлы тұлғаның Әлихан бастаған Алаш майданының алдыңғы шебінде жүргенін бүгінгі ұрпақ жақсы біледі. Әлиханның ең сенімді екі серігінің бірі болған Міржақыптың атақты «Оян, Қазақ» өлеңі түбі бір түркі халықтарының ұранына айналғаны белгілі. Түрік халқының ұлы қайраткері Ататүріктің «Оян, Түрік» деп ұрандауының түп-төркінінде Міржақыптың өлеңі жатыр.

Міржақып өзге де Алаш қайраткерлеріндей өз өмірі мен амандығынан бұрын, елдің бостандығын, ұлттың дербестігін бірінші кезекке қойды. ХХ ғасырдың басы - патша үкіметінің қалың елді сүліктей сорып, қазақтың қысылтаяң шаққа түскен кезі болатын. Бұл ахуал сол тұстағы қазақтың беткеұстар зиялы азаматтарының намысын қамшылады. Қару алып, алып империяға қарсы шығу жеңіске жеткізбейтінін Алаш арыстары өте жақсы түсінген еді. Сол үшін руханият пен ізгілікті қаруына айналдырған қайраткерлер ұлттық-демократиялық мемлекет құрудың жолын қарастырды.

Тарихшы Мәмбет Қойгелдінің келтірген мәліметтеріне сүйенсек, сол тұстағы «Қазақ» газетін Міржақып Дулатұлының қарымды қаламынсыз елестету мүмкін емес. Ол еңбектерінде белгілі тарихшы Міржақып туралы: «Ол өте жылдам әрі өте өткір тақырыптарды жазған. «Қазақ» газеті сондай сапада, сондай биіктен көрінуіне, меніңше, бірден-бір Міржақып Дулатұлына қарыздар. Жалпы Міржақып Дулатұлы - қазақ журналистикасын жаңа сапаға көтерген адам» деген пікір айтады.

1909 жылы Міржақыптың тұңғыш өлеңдер жинағы Қазан қаласында «Оян, қазақ!» деген атпен басылып шығады. Қазақ қоғамы ішінде рухты өлеңнің ықпалы өте әсерлі еді. «Оян, Қазақтың» өлең шеңберінен шығып кетіп, ұран ретінде қолданылуы - Міржақыптың отты сөздері адалдық жолында жүрегін жарып шығып, ұлтының шынайы жанашыр болғанын дәлелдейді.

Алашорда үкіметі тарихи сахнаға шыққан 1917 жылы Міржақып үкіметтің белді мүшесі, ұлттық мемлекеттіліктің бағдарламасын жасаушылардың бірі болды. 1916 жылы бірінші дүниежүзілік соғыс зардабын тартып, қырғынға ұшыраған елге көмектесу мақсатында Семей «Жанар» жәрдем қорын құрды. 1921-1922 жылы қазақ даласын ашаршылық жайлағанда Міржақып Дулатұлы пен Жүсіпбек Аймауытов бірнеше айда 15 мың бас ірі қара жиып, үлестірді.

Алаш арысы Міржақып Дулатұлының ұлтқа деген жанашырлығын кеңестік «қылмыскер» үкімет мойындай да, кешірген де жоқ.  1928 жылы ол қамауға алынып, екі жылдан кейін ату жазасына кесіледі. Кейін сот үкімі он жыл абақты жазасымен ауыстырылды. Беломор-Балтық арнасындағы лагерьде жазасын өтеген Міржақып Дулатұлы 1935 жылы ауыр науқастан көз жұмды.

Соңғы жаңалықтар