Бозымбаев полиэтилен пакеттерге қатысты: Тыйым салу әдісін қолданбаймыз

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бір реттік полиэтилен пакеттерден кезең-кезеңімен бас тарту туралы ұсынысты түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әрине, әлеуметтік желілерді қараймын, әсіресе Фейсбукте бізді талай адам кележдеп отыр. Энергетика министрлігінің полиэтилен пакеттен басқа ісі жоқ дейді. Шын мәнінде, көптеген қоғамдық ұйымдар мен экологтар министрлікке жүгінген соң, аталған мәселені қолға алдық», - деп жауап берді министр Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында журналистер сұрағына.

Оның айтуынша, мұндай үндеулер 2019 жылдың 1 қаңтарында күшіне енетін Экологиялық кодекске сәйкес, полиэтилен мен өзге де зиянды заттарды көмуге тыйым салумен тікелей байланысты.

Сондай-ақ, министр полиэтиленнің көптеген жылдар бойы шірімейтінін, қоршаған ортаға үлкен зиян келтіретінін баса айтты. Мысал ретінде, ол айналасы ұшып жүрген пакетке толған Астананы атап көрсетті.

«Біз тыйым салу әдісін қолданбаймыз. Қазір, ең алдымен халықаралық тәжірибені зерттеп, баламасын табуымыз керек. Егер еліміздегі халық үшін құны шамалас, табиғи түрде жойылатын немесе екінші өндірістен шыққан қағаз пакеттер сынды балама табылса, полиэтилен пакетті алмастыруға кірісеміз. Иә, тым болмаса, пакетті тегін таратпау ұсынысы да қаралып жатыр. Өзім түрлі өңірлерде тұрып көрдім: елдің оңтүстігінде тегін таратады, солтүстігінде - сатады. Сондықтан, ортақ бір мәмілеге келу керек», - деп өз сөзін толықтырды Қ.Бозымбаев.

Министр бұл бағыттағы жұмыстардың жыл бойы жүргізілетінін атап өтті. Барлық талқылаулар ашық және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп өткізіледі. Содан кейін ғана қажетті шешімдер қабылданады.

Соңғы жаңалықтар