Бозымбаев: Бензин бағасын төмендетуге мүмкіндік бар, бірақ...

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат Жанар-жағармай құю стансалары Ресей безинінің (АИ-92) литрін 140-143 теңгеден сата алады. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен брифингте ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әрине, бензин бағасын төмендетуге мүмкіндік бар. Бірақ, бұл мүмкіндік тек қана 15-20 күнге ғана созылады. Одан кейін жанар-жағармай тапшылығы орын алады. Өйткені, бүгінгі күні біз ішкі нарыққа қажетті бензиннің 30 пайызын Ресейден алып отырмыз. Отандық нарықтағы бензин бағасын төмендетсек, Ресейден ешкім де бензин әкелмейді. Содан кейін ары кетсе 15-20 күнде нарықта тапшылық болады. Әрине, өкінішке орай баға көтерілді. Бірақ, біз үш зауытты (Павлодар, Шымкент және Атырау мұнай өңдеу зауыттары) жаңғыртудан өткізгеннен кейін ғана кеніштерімізден мұнай алып, оны өңдеп, өз бағамызбен отандық нарықта сата аламыз», - деді Бозымбаев.

Мәселен, оның айтуынша, 1 жылдың ішінде Ресей бензинінің тоннасы 320 доллардан 515 долларға дейін қымбаттаған.

«Жалпы, қазірдің өзінде Ресейде салықтық орағыту жүргізіліп жатыр. Олар бензин мен дизель отынына экспорттық баж салығын азайтуда. Экспорттық баж салығы бізге емес басқа мемлекеттерге төмендетілуде. Сондықтан Қазақстанға жіберілетін бензиннің тиімділігі олар үшін төмендей түсуде. Меніңше, баға тұрақты болу керек. Қазірдің өзінде бензиннің 1 тоннасының бағасы 515 доллар болса теңгеге шаққанда 165 мың тең болады. Сонда бір литрі Ресеймен шекарада 123 теңгеден айналады. Астанаға жеткізгенге дейін ол 5,1 теңгеге қымбаттайды. Оған жанар-жағармай құю стансаларының шығындары есебінен тағы 12-15 теңге қосылады. Жалпы, жанар-жағармай құю стансалары Ресей безинінің (АИ-92) литрін 140-143 теңгеден сата алады. Әрине, Қазақстан бензинін төмен бағамен сатуға болады. Алайда онда Ресей бензинін ешкім әкелмейді», - деді Бозымбаев.

Соңғы жаңалықтар