Бөрлі ауданының бюджеті 9,5 млрд теңгеден асты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бөрлі ауданының биылғы бюджеті 9 млрд 520 млн теңгені құрап отыр. Бұл туралы ауданда жұмыс сапарымен болған облыс әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

null

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Ақсай қаласындағы 4-інші және 5-шағынаудандарда жылу қазандығы салынып, қала ішіндегі 17 көше мен аудандық аурухана жөндеуден өтті. Сондай-ақ 240 орынға арналған балабақша құрылысы мен 120 пәтерлік көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Александров, Бөрлі ауылдарын ауыз сумен қамтамасыз ету, Бестау су тоғанын, Ақсай қаласындағы шағынаудандардың жылу желісін және ыстық су жүйесін қалпына келтіру шаралары жүргізілсе, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 34,4 шақырым жол жөнделуде. Сондай-ақ 9 қабатты 3 үй, 300 орындық мектеп пен 100 орындық интернаттың жобалық-сметалық құжаттамасы және 1000 жер телімінің құжаттары дайындалуда. Мәдениет және білім беру мекемелерін күрделі жөндеу және көшелерді абаттандыру жұмыстары да қарқынды жүруде. Республикалық маңызы бар Орал-Орынбор тасжолын жөндеу жұмыстары да жоспарға енгізілді. Бұл ауқымды жоба алдағы екі-үш жылда жүзеге асатын болады.

null

Ақсай қаласының 50 жылдығына орай шаһарда «Қарашығанақ» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуы өңірдегі елеулі оқиға болды. 1200 орынға арналған стадионы бар, барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген кешен құрылысы мемлекеттің қолдауымен жүзеге асты. Нысан толықтай «ҚПО б.в.» компаниясы есебінен қаржыландырылды. Бұл спорттық кешен Президент тапсырмасына сәйкес бой көтерді. Биыл өңірде 4 спорттық кешен салынса, соның екеуі Бөрлі ауданында.

null

Елбасы Н.Назарбаев кеше ғана Ашхабадта ұлттық құраманың спортшыларымен кездескен сәтінде: «Біздің жастарымыз - дарынды. Жыл сайын спортта жаңа есімдер шығып жатыр. Жалпы, жас жеткіншектер Сіздердің жеңістеріңізге қарап, спортпен шұғылдануға ұмтылатын болады. Ол салауатты ұлт қалыптастырудың басты шарты болып саналады» деп, салауатты өмір салтын насихаттаудың мән-маңызын ерекше атап көрсетті. Осыған орай Батыс Қазақстанда да тұрғындардың спортпен тұрақты айналысуына барынша жағдай жасалатын болады.

null

Айта кету керек, Елбасының тікелей бақылауында тұрған Березов және Бестау ауылдарының тұрғындарын көшіру мәселесі де жоспарға сәйкес жүзеге асуда. Бұл мақсатқа «ҚПО б.в.» компаниясының қаржысы есебінен Аралтал ауылында 100 бір қабатты және Ақсайда әрқайсысы 153 пәтерден тұратын екі 9 қабатты үй салу көзделген болатын. Күні бүгін 100 үйдің құрылысы толықтай аяқталып, 70-ке жуық отбасы көшіп келді. Сонымен қатар биылғы жылдың шілде айында 320 орындық балабақша пайдалануға берілсе, 300 оқушыға арналған жаңа мектеп пен Ақсайдағы қос көп қабатты үй қазан айында тапсырылады деп күтілуде.

null null

Аталмыш ауыл тұрғындарын қоныстандыру биыл толықтай аяқталады.

Соңғы жаңалықтар