Боралдайдағы Сақ қорғандары 18-19 ғасырларда аяусыз тоналған - Сержан Саров

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 18 сәуір халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай Алматы маңындағы Боралдай Сақ қорғандарында қала әкімдігінің Мәдениет басқармасы, Алатау ауданы әкімдігі мен Алматы мұражайлар бірлестігінің ұйымдастыруымен 60 түп көшет отырғызылып, жастарға арнайы саяхат бағдарламасы ұйымдастырылды. Осы шара аясында Алматы қаласы музейлер бірлестігінің бөлім меңгерушісі Сержан Саров ҚазАқпарат тілшісінің бірқатар сұрақтарына жауап берді.

 
null
- Сержан мырза, Боралдайдағы Сақ қорғандарында қанша қорым бар?   

- Алматы қаласы бойынша Қазақстандағы тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне 28 нысан кірген. Жалпы, еліміз, бойынша 25 мыңнан астам тарихи мәдени ескерткіш бар. Ал, Боралдайдағы Сақ қорғандары қазіргі уақытта 430 гектар жерді қамтып жатыр. Мұнда 47 Сақ қорғаны, 200-ден астам Үйсін қорғаны орналасқан.
null null  

- Қорғандарда кімдер жерленген?

- Бұл қорғандарда сол замандағы ел билеген тұлғалар жерленген. Болашақта бұл тарихи орын ашық аспан астындағы мұражайға айналмақ. Жалпы, ондай орталық әлемде екі мемлекетте бар. Бірі - Мажарстанның Будапешт қаласында, екіншісі - Корея Республикасының Кенджу қаласында. Сол тарихи орталықтар үлгісінде жасалып жатқан жобалардың бірі - осы Боралдайдағы Сақ қорғандары. Айта кететін жайт, Алматы қаласында көптеген археологиялық ескерткіштер бар, оның көбісі апатты жағдайда. Себебі, оның айналасында күн сайын құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондықтан, жыл сайын археологиялық қазба жұмыстарын жүргіземіз.  Нәтижесінде, ол жерлерден қола қазан, керамикалық ыдыстар, алтыннан жасалған әшекей бұйымдар табылады. Табылған бұйымдар Алматы қаласы мұражайының экспозициясына қойылып отыр.

- Боралдайдағы Сақ қорғандарынан қандай тарихи жәдігерлер табылған?

- Бұл қорғандарға нақты қазба жұмыстары жүргізілген жоқ. Бұл қорғандар өз заманында, сосын 18-19 ғасырда аяусыз тоналған. Қазір қорғандарға барып қарасаңыз, үстіңгі беттері ойық екенін көресіз. Бұл - ұрланғанның белгісі. Алайда, біз үмітсіз емеспіз. Себебі, 1969 жылы Алтын адам табылған қорым да тоналған болатын. Ұрылар Алтын адам қорымын тонағанда оның екі камералы қорым екенін білмеген болса керек. Кемел Ақышев екінші камерасында жатқан адамды тапқан. Сол себепті, Боралдайдағы Сақ қорғандары тұрған аумақ, 430 га жер қоршалған. Болашақта тарихи жәдігерлер табылуы мүмкін. 
null null null  

- Сөзіңіздің басында ашық аспан мұражайы болады дедіңіз, қашан қалай жүзеге асады?

- Қазіргі уақытта ғылыми жұмыстарға қаражат бөлінген. Ғылыми жұмыстар туристерге арналған орын қалай болуы керек, мұражай қалай орналасуы қажет деген секілді сұрақтарға жауап береді. Болашақта жеке қорық музей болып құрылуы мүмкін. Жалпы, келешекте үш бағыт бойынша, жүзеге асырылайын деп отыр. Бірінші, бір-екі қорғанға қазба жұмысын жүргізіп, құрылысын сол күйі қалдырып, музей ретінде туристерге көрсету жоспарда бар. Саяхатшылар қорғанның қалай салынғанын, адамның қалай жерленгенін көреді. Екінші бағыты, әртүрлі дәуірлердегі археологиялық ескерткіштердің макеті жасалып, құрастырылады. Оны туристер арбамен жүріп тамашалайды. Үшінші бағыт - туристер үшін ашылатын орталық. Онда ұлттық бұйымдар, кәдесыйлар сатылады. Археология бойынша шеберлік сыныптары беріледі. Бұл жоба алдағы уақыттың еншісінде.

- Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет.
null null  

Соңғы жаңалықтар