Боливия дипломаты: Қазақстан - Орталық Азиядағы талассыз көшбасшы

None
None
НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат - 18-19 қаңтар күндері Қазақстанның төрағалық етуімен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде өткен отырыстар Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшылығын көрсетті. Бұл ретте, мұхитқа тікелей шығу мүмкіндігі жоқ бола тұра әлем елдерімен сауда-саттықты дамыту тәжірибесі мен халықаралық мәселелерді шешу жолындағы Қазақстан Республикасының көзқарасы ерекше қызығушылықты тудырады. Мұндай пікірді БҰҰ-дағы Боливияның тұрақты өкілдігінің кеңесшісі Инчаусте Джордан (Pedro Inchauste Jordan) білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Өзінің төрағалық ету кезеңінде Қазақстан ядролық қарудың таралмау мәселесіне, сонымен қатар Орталық Азия мен Ауғанстан, терроризмге қарсы жаһандық күрес мәселелеріне баса ден қойды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен отырыс өткізіліп, ол ядролық қаруларды таратпау бағытында тың ұсыныстарды білдірді. Қауіпсіздік Кеңесі үшін маңызды шаралардың бірі ретінде Ауғанстан мен Орталық Азия бойынша өткен министрлік дебаттарды атап өтуге болады. Менің ойымша, Қауіпсіздік Кеңесі аталған бағыттарға жұмыс ретін бейімдеп, аймақтық әдістерді қолдану арқылы қауіпсіздік пен дамуды ұштастыруына болады. Сонымен қатар, БҰҰ аясында Қазақстан ұсынған үйлесімдерді сәтті жүзеге асыра алалыд», - дейді ол.

Боливиялық дипломат өз сөзінде Орталық Азияның бес мемлекетінің барлығының өкілдері Қауіпсіздік Кеңесіндегі бір үстелде бас қосқандарын бірінші рет көріп отырғанын атап өтті.

«Бұл Қазақстанды Орталық Азиядағы көшбасшы ретінде таныта білетін тарихи сәт. Ішкі құрлықта орналасқан Боливия секілді мемлекетке Ауғанстан мәселесін шешу және мұхитқа тікелей шыға алмайтын жағдайда әлем елдерімен сауда-саттық қатынасын орнату тәжірибесі қызығушылық тудырады. Біздің мемлекет Тынық мұхитына шығуды көздейді. Сондықтан, Қазақстанның тәжірибесі бізге де маңызды», - дейді П.Инчаусте Джордан.

Еске сала кетсек, 18 қаңтар күні Қауіпсіздік Кеңесінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен ядролық қаруларды таратпау тақырыбында дебат өткізілді. Дебаттардың қорытындысы бойынша БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі төрағаның мәлімдемесін қабылдады.

19 қаңтар күні Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов ҚР-дың төрағалық етуімен «Ауғанстан мен Орталық Азияда аймақтық серіктестікті қауіпсіздік пен дамудың өзаратәуелділік үлгісінде құру» тақырыбында өткен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің министрлік отырысында сөз сөйледі. Ол Ауғанстан мен Орталық Азияда бейбітшілік пен дамудың үшвекторлы моделін ұсынды.

Соңғы жаңалықтар