Болатбек Оразбаев «Алтын домбыра» төңірегіндегі дауға нүкте қойды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақын Болатбек Оразбаев «Алтын домбыра» төңірегіндегі дауға байланысты пікірін білдіріп, әлеуметтік желі қолданушыларын сабырға шақырды.

«Бекер даурыға бермейік. Жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді. Кімге ненің қайырлы екенін Алла бізден жақсырақ біледі. Мұхтардың өнерін, өлеңін, адамгершілігін, азаматтылығын өзім үлкен сахнаға шықпай тұрғанда да талай көргенмін. Қазақ айтысының өркендеп, өсуіне бірден-бір үлес қосқан жігіттердің бірі деп есептеймін. Осы жолғы айтысқа төрелік жасаған әділ қазылар алқасына да еш өкпем жоқ. Көрермендер де өз ұнатқан ақыны жеңіске жеткенін, жүлделі болғанын қалайды. Ол заңды. Жүлдені Мұхтар алды екен деп оның тарапына және әділ қазылардың тарапына жағымсыз пікір айтпағандарыңызды қалаймын»,-деп жазады ол өзінің Фейсбук желісіндегі жеке парақшасында.

Сонымен бірге ол «Алтын домбыраны» жеңіп алған әріптесіне қолдау білдіріп, ақындарды береке-бірлікке шақырды.

«Бәйгені Мұхтар алса, ол өзімнің досым, бауырым. Бірінші орын жаман орын деп кім айтты? Сондықтан аз ғана дүниеге бола Мұхтар досыма деген көңілім кірлемейді. Еш айнымаған қалпында, таза күйінде қала береді. Ең бастысы халық біздің кішкентай ғана өнерімізге оң бағасын беріп жатса, міне алтын домбыра деген сол!!! Мұхтар досымды және жүлделі орын алған барлық бауырларымды шын жүректен құттықтаймын! Алла берекелі қылсын!»,-дейді ақын Болатбек Оразбаев.

Еске сала кетейік, Алматыда ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысында  Мұхтар Ниязов Гран-при иегері атанып, «Алтын домбыраны» қанжығалаған . Аталмыш айтыс әлеуметтік желіде қызу талқыланып, бас жүлдеге Болатбек Оразбаев лайық деп шу көтерген болатын. 

Соңғы жаңалықтар